Ит мінез көрсетті
Талдықорғанда иесіз ит көбейді.
Балалар былай тұрсын, олар ересектерге шаба бастаған. Жаңажылдық демалыс күндері «Жастар-2» тұрғын үй алабында ойнап жүрген мектеп оқушысын ит талады. Шағын аудан тұрғындары мұндай оқиғаның жиі болатынын айтады. Көпшілік ветеринарлық қызмет пен иесіз иттерді аулайтындардың жұмысына наразы. «Түн тұрмақ, күндіз көшеге шығудан қалдық», - деп ашынады жұрт.
«Жастар-2» шағын ауданында ойнап жүрген баламен қоса, оны құтқаруға келген 25 жастағы жігітті де ит қауып алды. Учаскелік инспекторлар бастапқыда мұның көшедегі қаңғыбас иттерден келгенін айтқан. Артынша қабаған иттің қожайыны бар екені анықталды.
Қанатбек Нұрбабанов, қала тұрғыны:
-Немерем ойнап келе жатқаннан кейін, бір ауладан ит шыққан ғой. Ит шығып, жаңағы баламды талай бастаған. Содан кейін көшеде кетіп бара жатқан бір бала келіп, қауып жатқаннан кейін немереме көмектескен ғой. Сөйтсе оның да қолын қауыпты. Немерем үйге келіп: «Осылай ит қапты», - деді. Содан кейін үстін ашып қарасақ, жамбасынан, иығынан тістелепті.
Ветеринариялық қызмет өкілдері иті шынжырдан босап кетіп, ойын баласын талаған үйдің қожайынымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Үй иесі бейнекамераға түсуден бас тартты. Дегенмен, баланың ата-анасынан кешірім сұрағанын және заң бойынша айыппұл төлеуге әзір екенін айтып ақталды. «Жастар-2» тұрғын үй алабында қаңғыбас иттер әлі де өріп жүр. Оларды атуға болмайды. Мердігер иттерді арнайы құралдармен аулап апарып, қажетті шаралар қабылданған соң, қайтадан алған жеріне апарып тастайды. Өткен жылы Талдықорғанда ит аулау мақсатына 8 млн 700 мың теңге бөлінген.
Салтанат Ибадуллаева, қала тұрғыны:
-Тендер ұтқан күнннің өзінде де дұрыс жұмыс жасамағандықтан, осыншама иттің пайда болуына әкеліп соғып тұр. Қаншама тұрғын наразы. Кішкентай балалар оқудан қайтқан кезде, сабақтан қайтқан кезде ата-аналарынан: «Әкешім, анашым, күтіп алшы», - деп өтінеді. Себебі қорқынышты. Мына иттер үлкен кісілердің өзіне шабады. Сондай иттер еш нәрседен қорықпайды.
Дархан Әбілбаев, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
-Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» 2020 жылы заң шыққан. Содан бастап біз иттерді бұрынғыдай усыпить етіп дәрімен, алып кете алмаймыз. Біз иттерді тек қана арнайы торлармен ұстаймыз. Ұстаған күннің өзінде алып барып, ол иттерді 4 күн анықтаймыз. 4 күннің ішінде иттің агрессиясы жоқ болатын болса, ол иттердің ұрғашысын стерилизация, еркегін кастрация жасап, қайтадан мекендеу орнына 10 күннен кейін еркегін, 15 күннен кейін ұрғашысын әкеліп жібереміз.
Оған қоса чип тағып, екпе жасайды. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елді мекендердегі иесі бар иттердің барлығы чиптеуге жатады деп көрсетілген. Бұл жұмысты ветстанциялар мен жеке клиникалар атқарады. Ит үй ауласынан шығып кетіп, көшеде қараусыз жүрген жағдайда сканер арқылы анықталып, қожайынына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 34 мың теңге айыппұл салынады. Талдықорған қаласында өткен жылы 748 ит ауланған. Соның 245-і залалсыздандырылып, қалғаны кестірілген. Оларды құлағына тағылған сырғасынан білуге болады және ондай иттер қайта аулауға жатпайды. Көшеге жіберсе, адам талайтыны белгілі болған жағдайда ғана иттерді ұйықтатып, жансыздандырады. Әзірге Талдықорған қаласы мен Жетісу облысындағы барлық аудандарда қаңғыбас иттерді оқшаулауға арналған бірде-бір орын салынбағанын да айта кетейік.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов