Оралда жарылыс болған дәмхана иесі 2 айға қамалды
Оралдағы жарылыс болған «Ризық» дәмханасын жалға алған азамат 2 айға қамалды.
Бүгін күдіктіні ұстауға сот санкция берді.
Еске сала кетсек, қаңтардың 4-інде болған жарылыс салдарынан екі қабатты ғимарат қирап, 3 адам қаза тапқан еді. Үйінді астынан табылған 5 кісінің 4-і жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр, бірақ қалыпты деп бағалады.
Дәл қазір мен Орал қалалық сотының алдында тұрмын. Жарылыс болған «Ризық» кафесін жалға алушы азаматты 2 айға қамауға алу туралы бүгін осы жерде өтініш қаралды.
Бұған дейін облыстық прокуратураның баспасөз қызметі осы оқиға бойынша Қылмыстық Кодекстің 292-бабы, 3-бөлімі, яғни өрт қауіпсіздігі қағидаттарының өрескел бұзылу фактісі бойынша іс қозғалғанын, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын, күдікті ретінде 6 қаңтар күні осы кафені жалға алушы азамат уақытша оқшаулау орнына қамалғаны туралы хабарлаған еді. Бүгін тараптарды тыңдаған қалалық соттың судьясы күдіктіні екі айға қамау туралы шешімін шығарды.
Саят Жүнісбаев, Орал қаласы мамандандырылған қылмыстық сотының судьясы:
- Ашық сот отырысында Уәлиев Меңдібекті 2 айға қамауға алуды санкциялау туралы жедел тергеу тобының жетекшісі Айтқалиевтың өтініші қаралды. Істің материалдарын зерделей келе, Қылмыстық-процестік кодексінің 55, 56, 147, 148 баптарын басшылыққа ала отырып, күдікті 6 наурызға дейін қамауға алынды. Қаулыға қанағаттанбағандар 3 күн ішінде арыз бере алады.
Қазір осы іс бойынша арнайы прокурорлар анықталып, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық полиция департаментінің өкілдерінен құралған ведомствоаралық жедел тергеу тобы тиісті сараптамалар тағайындады. Ол сараптаманың қорытындысы әлі шыға қойған жоқ. Сол себепті жарылыстың неден болғанын әзірге ешкім тап басып айта алмайды. Біреулер, яғни көрші үйдің тұрғындары газ баллон, оттегі баллон көрдік десе, бүгінгі отырыста күдіктінің адвокаты екінші қабаттан 4 камфорлы газ плитасы табылды дегенді алға тартты. Қалай болғанда да 3 адамның өмірін қиып, 5 адамды ауыр жарақаттаған оқиғаның себеп-салдарын анықтау алдағы күндердің еншісінде.