Астанада күніне 70 жол апаты тіркеледі
Астанада жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Өткен тәуліктің өзінде мұндай 70-тен астам дерек тіркелген.
Салдарынан 4 адам жарақат алды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты полицейлер жүргізушілерге үндеу жасады.
Қазір Қорғалжын тасжолының бойында тұрмыз. Қалаға кіреберісте жол-көлік оқиғасы болған екен. Жеңіл көлік пен арнайы техника соқтығысқан. Әйтеуір адамдар дін аман. Полицейлер қазір мән-жайды анықтап жатыр.
Абылай Сақиев, жүргізуші:
- Ол келіп соққан кезде светофор қызыл жанып жатқан болатын. Сарымен қызылға өтіп жатқан кез. Сол кезде үлгере алмай, сол жағымнан келіп соғылып тұр. Енді менің шығыным 350-400 мыңдай, өзім ойлап тұрмын. Қазір арнайы орындарға барып, бағалау жасатамын.
Өткен тәулікте елордада 70-тен астам жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 25-і түнде болған. Полицейлер мұндай оқыс жағдайлардың негізгі себебін жылдамдықты шектен тыс асырумен байланыстырып отыр.
Жеңіс Әлиев, патрульдік полиция полкінің инспекторы:
- Жол жүру ережелерін сақтамауы, жылдамдық режимдерін сақтамауы, арақашықтықты сақтамауы және бүйірлік арақашықтықты сақтамауы себептерінен. Сақтық шаралары жол-көлік оқиғасының айтарлықтай азаюына әсер етеді. Сондай-ақ тұрғындарға жол бойына көліктерін қалдырмауға және қоғамдық көліктердің жұмыс жасауына кедергі келтірмеуді сұраймыз.
Синоптиктердің болжауынша, қолайсыз ауа райы әлі біраз күн сақталуы мүмкін. Сондықтан тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Еркебұлан Смадияров, Мадияр Кындыбаев, «24.KZ».