ШҚО-ның Марқакөл ауданында төтенше жағдай жарияланды
Еліміздің шығысындағы Марқакөл ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Себебі бір аптадан бері бұрқасын толастамай тұр. Ал кей жерде қардың қалыңдығы екі метрге дейін жетеді. Қазір балалар қашықтан оқып жатыр. Жол тазалаушы мекемелер Марқакөл және Тосқайың ауылдық округтері бағыттарын бақылауда ұстау үшін күні-түні жұмыс істеп, 24 арнайы техника қалың қарды жылдам күреп, үлгермей жатыр. Түнде құтқарушылар Тосқайың ауылында сырқаттанып қалған тұрғынға көмек көрсету үшін дәрігерлер тобын жеткізді. Халық азық-түліктің де таусылып бара жатқанын айтуда. Бүгін Өскеменнен азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді. Жалпы өңірде әзір басшылық болмағандықтан төтенше жағдайды Күршім ауданының әкімі жариялауға мәжбүр болған. Марқакөл Президент жарлығына сәйкес аудан болып құрылған болатын.