Жамбыл облысында балықшылар табылмай жатыр
Жамбыл облысында көлге балық аулауға кеткен екі адам 5 күннен бері табылмай жатыр.
Өткен аптада Жуалы ауданы Қарабастау ауылының тұрғындары Билікөлге ескекті қайықпен шыққан. Содан бері олардан еш хабар жоқ. 37 және 43 жастағы азаматтарды іздестіруге, сүңгуірлерден бөлек бірнеше дрон тартылды. Сондай-ақ еріктілер тобы көл маңайын қарап жатыр. Су айдынының жалпы аумағы 18 шақырым. Ауа райының күрт құбылуы да құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіруде. Қазір аймақта ауа температурасы нольден төмен. Кей жерде желдің жылдамдығы секундына 12 метрге жетеді.
Руслан Орынбеков, Жамбыл облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Ені сегіз километр. Тереңдігі әр жерде әртүрлі, 3-4 метр. Іздестіру жұмыстары оңай болуы үшін біз Билікөл көлін учаскеге бөлген болатынбыз. 91 учаске шықты. Құтқару жұмыстары суға батып кетуі мүмкін балықшыларды іздеп, тапқанға дейін жүргізіледі.