Желідегі ақпарат ақтөбелік ата-аналарды дүрліктірді
Ақтөбелік ата-аналарды бүгін әлеуметтік желілерде тараған ақпарат дүр сілкіндірді.
Белгісіз тұлға «телеграм» парақшаларының бірінде «26 қаңтар күні оқушыларды жайратып саламын» деп жазған. Қару-жарақтың фото-бейнесін жүктеп, облыс орталығындағы ондаған мектепте қанды қырғын жасауды жоспарлағанын жазады. Қазір бұл деректі тәртіп сақшылары тексеруге кірісті. Оқу ордаларында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мектептерді камералар арқылы ұдайы бақылап, білім ошақтары маңында полицей жасақтары көбейтілді. Облыстық білім басқармасы өкілдері бүгінгі сабақ кестеге сай өтіп жатқанын хабарлады.
Әсет Қалиев, Ақтөбе қаласы полиция басқармасының бастығы:
- Осы факті бойынша полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп тексеруді бастады. Осы ақпаратты таратқан тұлғалар анықталып, елдің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.
Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуді сұраймыз.