Оралда дәрігерлер түрмеде таяқ жеді

Батыс Қазақстан облысында қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері түрмедегі дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр.

Жуырда №28 жазасын өтеу мекемесінде 3 фельдшер сотталушыдан таяқ жеп қалды. Жапа шеккендердің айтуынша, қылмыскер тамырына дәрі тамызуды сұраған. Ал дәрігер оның бүйрегінде тас бар екенін айтып, басқа ем тағайындаған. Онымен келіспеген жазасын өтеуші медицина қызметкерлерін соққыға жықты.

Фельдшер:

- Мен сырттан келдім. Маған дейін инцидент болып, алып кеткен екен. Мен келгенде жалғыз өзі қайтып келіп тұр емін-еркін. Бірге алып кетті де кісенмен, кісенсіз қайтып келіп тұр ғой. Мен де келіп тұрмын, келді де мені бір ұрып құлатты. Кірмейміз енді, не үшін кіреміз? Біреуі келіп бірдеме тығып алса қайтем.

Әмина Дармағамбетова, №2 қалалық емхана директорының орынбасары:

- Сотталушы тарапынан болған шабуылдан кейін 3 қызметкеріміз де жарақат бөліміне барды. Амбулаториялық ем тағайындалды. Үшеуі де қазір еңбекке жарамсыздық парағын алды. Біреуінің еріні жырылған, енді бірінің ішіне тиген соққыдан кеудесі қанталап кеткен, үшіншісінің иығы көгерген. Олардың барлығы да күнделікті жұмысын істеп жатқан еді.

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен түрме басшылығы да болған оқиғаға қатысты ақпарат беруден бас тартты. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Фельдшерлерге қол көтерген сотталушының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал дәрігерлер болса, қауіпсіздігіміз қамтамасыз етілмеген, түзеу мекемесіне кіруге қорқамыз дейді.

Назымгүл Әубәкірова, медбике:

- 27 жылға келгендер бар, 25 жылға келгендер бар. Ішке кіруге біз де қорқып тұрмыз. Талап - астына кнопкаларын қойсын. Дабыл кнопкасын қойсын. Сосын бізге офицер қойсын қасымызға. Бір контролер үлгірмейді. Бәлен сотталған келіп тұрады қабылдауға. Сол біздің талабымыз.