Түркістан облысында оқушылар мен мұғалімдерге иіс тиіп, ауруханаға түскен

Оқыс жағдай Сарыағаш ауданына қарасты Ынтымақ ауылында болған.

Өткен сенбі күні Майлықожа атындағы мектепте аяқасты әктеп-сырлау жұмыстары жүргізіліп, оны  мұғалімдер мен кіші қызметкерлер атқарған. Ал бүгін сабаққа келген балалардың бірінен соң бірінің бастары ауырып, өткір иіске уланған. Салдарынан жедел жәрдем шақыртылып, отызға жуық оқушы мен он мұғалім ауруханаға жеткізілді. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. Екі мұғалім дәрігерлердің бақылауына алынып, ауруханаға жатқызылды. Аталған  мектепте сабақ үш күнге онлайнға көшіріліп, тексеру шаралары басталып кетті.

Жаннұр Ахметбек, Сарыағаш ауданының прокуроры:

- N9 Майлықожа атындағы  мектептің мұғалімдері мен оқушыларының улану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігімен (санитариялық қағидаларды абайсызда адамдардың жаппай улануына әкеп соққан бұзу) сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды. Тергеу нәтижесімен барлық кінәлі адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп, оқу бөлмелерінің ауа құрамынан зиянды заттарды анықтау мақсатында зертханалық өлшемдер алынды. Олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалады.