Қызылордада киік атқандар ұсталды
Қызылордалық полицейлер 76 бас киікті атқан қаскөйлерді ұстады.
Олар жапан түзде жайратып салған «олжасын» облыс орталығына кіргізуді жоспарлаған. «Браконьер» шарасы аясында патрульдік экипаж Жезқазған – Қызылорда тас жолында күдік туғызған жүк талғамайтын 3 көлікті тоқтатқан. Бірақ жүргізушілер олардың талабына бағынбай қашуға ұмтылған. Соңына түскен полицейлер екі көлікті қуып жетіп, тінту барысында дала жануарларымен қатар 9 дана 12 калибрлі оқдәрі тәркіледі. 35 және 28 жастағы қала тұрғындарына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Айдар Қасанов, қалалық полиция басқармасының бастығы:
- Қазіргі таңда тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Автокөліктер тұраққа жеткізілді. Сонымен қатар «Браконьер» жедел профилактикалық шарасы 29 ақпанға дейін жалғасын табады. Шара барысында оған дейін де 2 дерек анықталып, 9 киік жануарының денесі алынды. Олар бойынша да тергеп-тексеру жүргізілуде.