Қызылорданың Белкөл кентінде оқушының мәйіті табылды
Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде оқушы қазасынан кейін №189 мектептің директоры және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды.
Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша оқу ошағының басшылығы тәрбие жұмыстарына салғырт қараған. Еске сала кетсек, кеше түс ауа аталған елді мекенде көп қабатты үйдің кіреберісінде 9-сынып оқушысының мәйіті табылды. Көз жұмған бала түске дейін мектепте болып, барлық жеті сабаққа қатысқан. Алдын ала тергеу бойынша бала жасөспірімдер арасындағы ерегіс кезінде тіл тартпай кеткен болуы мүмкін. Сосын оның денесін үш сыныптасы медициналық мекемеге жеткізген.
Асқарбек Есжанов, Облыстық білім басқармасының басшысы:
- Әр баланың өміріне, қауіпсіздігіне білім саласы жауаптымыз. Тәрбие саласына байланысты семинарлар, оқулар өткізгенімен нәтиже шықпаған үшін мектеп директорына осындай шара қабылданды. Себебі біз ұстаздардың алдына қатаң міндет қойғанбыз. Әр баламен жеке дара жұмыс жасау, әр баланың жеке кейсі болу, әлеуметтік картасы болу. Сондықтан оқиғаға күдікті деп танылған бала жалғызбасты ананың баласы екені анықталып отыр. Бір жас үлкен. Сондықтан алдағы уақытта тергеу қорытындысымен қосымша шешім қабылданатын болады.