Терроризм жайлы жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргендер ұсталды

Күдіктілердің екеуі де бесіктен белі шықпаған балалар.

Бірі Қарағанды қаласындағы  №15 орта мектептің 7-сынып оқушысы. Ал кейінгісі Қостанайдағы №3 мектеп-гимназиясының 4-сыныбында оқиды. Ойын балалары бұрын таратылған хабарламаның мәтінін көшіріп, оған оқу орындарының фотосуретін жапсырып, өз мектептерінің чатына жолдаған. Алайда ойнап жүріп, от басамын деп ойламаса керек. Дегенмен, ұсталғандар қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеуіне байланысты олардың ата-аналары әкімшілік жауапқа тартылды.

Альбина Махамбетова, ІІМ Имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы:

- Cот шешімі бойынша олар жедел қызметтерді жалған шақыртуға және білім беру объектілерін тексеруге байланысты мемлекетке келтірілген залалды өтейтін болады. Шығын көлемі екі миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. 

Жалпы былтыр полиция терроризм актісі туралы жалған хабарлама тарату дерегімен 215 қылмыстық іс қозғаған. 43 адам істі болып, 7 адам темір торға қамалды.