СҚО құтқарушылары қарда қалған науқастарға көмектесті

Солтүстік қазақстандық құтқарушылар қар құрсауында қалған науқастарға көмек көрсетті.

Оқыс оқиға кеше түнде болған. Шалғайдағы Көбенсай ауылында бір әйелдің қолы сынып, ал екіншісінің соқырішек ауруы асқынып кеткен. Бұл туралы хабар алған құтқарушылар елді мекенге жол талғамайтын көлікпен барып, ауырып қалған тұрғындарды аудандық ауруханаға жеткізді. Өңірде осы апта ауа температурасы – 30 градусқа дейін төмендейді деп болжанып отыр. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Жалпы қыс басталғалы облыс бойынша 600 адам құтқарылды.

Сәкен Ағзамов, Облыстық ТЖД басқармасының бастығы:

- Өңірде 347 жылыту орны ұйымдастырылған. Жыл басынан бері оларға жолда қалып қойған 250 адам жеткізілді. Осы ретте тұрғындарға алыс сапарларға шықпауға кеңес береміз. Өйткені осы апта бойы қатты аяз болады. Боран да соғуы мүмкін.