Ұлытауда балаларды құлдыққа салған «ана» ұсталды
Жезқазғандық отбасы асырап алған балаларын құлдыққа салған.
Жаға ұстатарлық жағдай әлеуметтік қызметкерлер мен тәртіп сақшылары жүргізген рейд кезінде әшкереленді. Қазір балаларды қамқорлығына алған әйел қамауға алынып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал 5 жыл бойы зәбір көрген балалар уақытша қолдау орталығына орналастырылды. Оларға арнайы мамандар психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
Әділ Бахманов, полиция департаментінің анықтау басқармасының бастығы:
- Жезқазған қаласының 55 жастағы тұрғыны патронаттағы балаларды ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, еңбек күшіне пайдаланғаны анықталды. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Осы жағдайдан соң өңірде патронаттық тәрбиеге берілген балалардың әлеуметтік жағдайын бақылау күшейді. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық фактілері болған жағдайда қоңырау қабылдайтын арнайы жедел желі іске қосылды. Зәбір көрген балаларды оңалту мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. Облыста ата-ана қамқорлығынан айырылған 235 бала бар. Оның 25-і патронатты тәрбиеге берілген.
Сапура Төлекова, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Үлкен бала кәмелет жасқа толған. Енді бұл балаға өзінің екі бауырын қамқоршылыққа беру мәселесін қарауға болады. Бұл үшін, біріншіден, біз ол баланың жұмысқа орналасуын, яғни диплом алғанда аспаз деген диплом алған. Сол бойынша жұмыс орнын анықтап жатырмыз. Жұмыс орыны табылды. Соған жұмысқа тұрғызамыз. Одан кейін тұрғын үй мәселесін шеуіміз керек.