Маңғыстауда жер үйдің ауласында қазандық жарылды
Маңғыстауда жер үй ауласында газбен жылыту қазандығы жарылды.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Оқыс оқиға Ақшұқыр ауылында болды. Үйдің иесі «жарылысқа елді мекенде электр жарығының жиі сөнуі себеп болды» дейді. Токпен жұмыс істеп тұрған қазандық бұған дейін бірнеше рет апатты жағдайда қосылып ажыратылған. Соңы жарылысқа әкеп соқты. Ауыл әкімінің айтуынша, бұл көшедегі электр желісіне 800-дей жер үй мен 20-ға тарта кәсіпкерлік ғимарат қосылған. Әр нысанның өзіндік трансформаторы бар. Алайда олардың ақаусыз жұмыс істеуін ешкім қадағаламайды. Қазір мамандар кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ақиқат Жауынов, ауыл тұрғыны:
- 20 ақпанда кешкі сағат 6-да свет сөніп, насостың істемей қалуынан суы айналмай осындай жағдайға әкеп тірелді. Күнара свет сөнеді. Біз әкімдіктен жауап күтсек, он сегізінші ящикте ақау болып жатыр дейді. Кейде жеке кәсіпкерлердің қарамауынан ақау болып жатыр дейді.
Айдос Елемесов, Ақшұқыр ауылы әкімінің міндетін атқарушы:
- Төтенше жағдай бөлімшесінің мамандарымен мәселені қарастыру экспертизасы тағайындалды. Экспертиза нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар заң алдында жауап беретін болады. 2017-2018 жылдан бері техусловия берілген. Кәсіптік нысандар ток алып отыр. Сол кәсіпкерлік нысандар дер кезінде қарау, жөндеу жұмыстарын жүргізбегендіктен өшіп қалу фактілер бар. Сол ұяшықтан ток алып отырған тұрғындарға да зиян келтіруде.