Шетелде құлдықта болған екі әйел құтқарылды

Сыртқы істер министрлігі қазақстандық екі әйелді Мьянма, Таиланд және Лаос шекарасындағы еңбек құлдығынан құтқарды.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаскөйлер жерлестерімізді босату үшін кісі басына 10 мың АҚШ долларын талап еткен. Абырой болғанда, сырттағы елшіліктеріміздің көмегімен бұл мәселе еш шығынсыз оң шешімін тапты. Халық арасында "Алтын үшбұрыш" аталып кеткен аумаққа екі ай бұрын тап болған қос азамат қазір елге ұшып келе жатыр. Жоғары жалақы іздеп шекара асқан отандастарымыздың бірі Астана қаласынан, екіншісі Ақтөбе облысының тұрғыны. Екеуінің де жоғары білімі бар, шет тілдерін жетік меңгерген. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. 

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Соңғы 2 жыл ішінде Таиландпен шекаралас Мьянма және Лаос аумақтарында құлдыққа 200-ге жуық Қазақстан азаматы түскені мәлім. Елшіліктің жәрдемімен Мьянма мен Лаос аумақтарында 28 Қазақстан азаматы құлдықтан шығарылған. Айта кету керек, 60-қа жуық азамат елшілікке жүгінбей өз күштерімен елге оралды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта жоғарыда аталған елдердің аумақтарында еңбек құлдығында 100-ге жуық азаматы қалған деген ақпарат бар.