Алматыда балабақшадағы жағдайға байланысты іс қозғалды
Алматыда балабақшалардың бірінде үш жасар бүлдіршінді өзінің тобындағы қатарластары соққыға жыққан.
Оқиға 21 ақпан күні түскі уақытта болған. Баланы ұрып жатқан кездегі видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Ол жерден балалардың бірі екіншісін итеріп жібергенін көруге болады. Сол кезде тағы біреуі оны ұра бастайды. Соққыға жығылған бала жарақат алған. Полиция департаменті балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметтік міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс тергелуде деп хабарлады. Балабақша қызметкерлерімен бірге ата-аналардың әрекетіне де құқықтық баға берілетінін айтты. Сондай-ақ білім басқармасының мәліметінше мекеме меңгерушісі мен тәрбиеші жұмысынан шеттетілді.
Әлия Сағиева, қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі бөлімінің басшысы:
- Тәрбиеші топта жалғыз өзі істеген. Тәрбиеші түскі уақытта түскі асты алып шығуға кеткен. Бұл дисциплинаны бұзу деген нәрсе. Бұл дұрыс емес. Біз де соған қатты кейіп отырмыз. Мен меңгерушімен сөйлестім. Бұл меңгерушінің де жұмысы. Тәрбиеші баланы жалғыз қалдырмауы керек еді. Меңгеруші топта жоқ болса басқа адамды қою керек еді. Қазір Полиция департаменті іс қозғап отыр. Іс біткен кезде бүкіл шараларды қолданамыз.