Ақтөбе облысында жол апатынан 8 адам көз жұмды

«Ақтөбе-Астрахань» тас жолында екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан 8 адам сол жерде көз жұмды.

Оның төртеуі бала. Барлығы да LADA Largus маркалы көлігінде отырған. Ал Toyota Hilux-тің жүргізушісі мен екі жолаушысы Мұғалжар аудандық ауруханасына жеткізілді. Оқиға Ақтөбе облысының Сағашилі ауылы маңында болған. Қазір жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Айдос Құлжанов, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

- Екі жеңіл автокөліктің соқтығысуынан адамдардың қаза болуына әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша Ақтөбе облыстық полиция департаментімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тергеу аясында жол апатының себептері және онда қаза болған адамдардың жеке басын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Нұргүл Бертілеуова, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Қаза тапқан 8 адамның 4-еуі кәмелет жасқа толмаған балалар. Өздерінің ата-аналары отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты сабақтан сұрап алған. Барлық балалар да көлікте өздерінің туыстарымен және ата-аналарымен бірге болған.