Алматыдағы дауыл. ТЖД ескерту жасады
Кеше Алматыда нөсер құйып, екпінді жел соқты. Таулы аймақтарда желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетті.
Қаладағы төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға таулы аймақтарға бармау қажеттігін ескертті. Алматыда дауылды ескерту жарияланды.
Қазір барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Арықтардың бітелмей, судың еркін ағуын қамтамасыз ету үшін түнгі ауысымға 49 жедел кезекші мобильді бригада мен 344 арнайы техника жұмылдырылды. Синоптиктер алдағы күндері де қатты жел тұрып, жаңбыр жауатынын айтады. Осыған байланысты Алматы халықаралық әуежайы рейстер кестесінде өзгерістер болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Нұрлан Атығаев, Алматы қаласы ТЖД бастығы:
- Департаменттің дағдарыс орталығында жедел желі ұйымдастырылды. Сонымен қатар жеке үйлердің аулаларын су басу бойынша келіп түскен 38 хабарлама қоңырауға ден қойып, жұмыс істеді. Қазіргі уақытта барлық оқиғалар жойылды, қаладағы жағдай тұрақты.