БҚО-да төтенше жағдай жарияланды
Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай режимі жарияланды.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиев кеше тиісті шешімге қол қойды.
Айта кетейік, өңірде су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасқан. Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында 400-дей тұрғын үй су астында қалды. 4 мыңдай тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Оның жартысы – балалар. Аймақта Қалдығайты, Аңқаты, Өлеңті, Жақсыбай, Елек, Шыңғырлау өзендері тасыған. Деркөл және Шаған өзендерінің арнасы толып тұр. Бастауын Ресейден алатын трансшекаралық Қараөзен, Сарыөзен, Жайық өзендерімен де мол су келіп жатыр. 12 бағыттағы жолды 32 жерден су жырып кеткен. Соның салдарынан 17 ауыл көлік қатынасынсыз қалды. Ол елді мекендердің тұрғындарына қажетті азық-түлік тікұшақпен жеткізіліп жатыр.