Көкпекті-Самар-Васильевка тасжолының бір бөлігін су шайып кетті
Шығыс Қазақстанда облыстық маңыздағы Көкпекті-Самар-Васильевка тасжолының бір бөлігін су шайып кетті, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір жол қатынасын қалыпқа келтіру жұмысы жүріп жатыр. Осыған дейін Самар ауданында Қараөткел-Көкжота ауылы арасын да су басып қалған еді. Қазір ол бағыттағы жол ашылды. Жалпы ауданда қарғын судан елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Мұндағы Лайлы су қоймасы да штаттық режімде жұмыс істеп тұр.
Көкпекті-Самар-Васильевка бағытындағы жол екі ауданды және Шығыс Қазақстан мен Абай облысын байланыстырады. Жолдың қазіргі жағдайы осындай. Мұндағы диаметрі 1,5 метрлік құбырдың суды өткізуге қуаты жетпей қалды. Қарғын су жол жабынын шайып кетті. Қазір жұмысшылар бригадасы учаскені жөндеп жатыр.
Мұрат Мұхаметжанов, Самар ауданы әкімінің орынбасары:
- Су өткізетін су құбыры көп қар суы келгенге төтеп бере алмағандықтан, жол шайылып кетті. Бүгінгі күні қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуық арада жол қатынасы қайта ашылып, жалғасады.
Ауылдарға топан судан әзер қатер төніп тұрған жоқ дейді, – мамандар. Дегенмен ел іргедегі Лайлы су қоймасынан қауіптеніп отыр.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұл – ел шығысындағы ең қауіпті «Лайлы» су қоймасы. Аумағына 770 000 текше метр су сыяды. Неге қауіпті десеңіз, су қоймасының дәп етегінде бүтін бір Самар ауылы тұр. Осыдан 14 жыл бұрын жойқын тасқын болып бөгетті бұзып, осы ауылды су шайып кеткен еді. Биылғы жағдай тұрақты, – дейді мамандар. Өйткені жан-жақтан жиналған қар суы ақырындап төменгі суағарлармен өтіп жатыр.
Қазір су қоймасы суға толды. Бірақ шектік мөлшерден асқан жоқ. Штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Сондықтан құтқарушылар да, атқарушы орган да кез келген жағдайға дайын тұр.
Әсет Сейілқұмаров, Самар ауданы ТЖБ бастығы:
- Қазіргі уақытқа қауіп толық жоқ деп айтуға болмайды, сай-сайдың іші, таулардың бәрінде әлі өте көп қар жатыр, қазіргі уақытқа қардың биіктігі – 40 мм, ал Қазгидромет мәліметі бойынша жердің қатуы – 63 см.
Самар ауылында 6 мыңға жуық адам тұрады. Лайлы өзені ауыл ішінен өтеді. Арнасы ашық. 12 шақырым арық тазаланып, су өткізу құбырлары да қалыпқа келтірілді. Инертті материалдар да дайын. Мамандар күн күрт жылынып кетуі мүмкін деп алаңдаулы.
Марат Дүсіпов, Самар ауылдық округінің әкімі:
- Ауа райы да қолайсыз боп тұр, күндіз де жылы, түнде де аяз жоқ, міне, плюс 2 болып тұр қазіргі таңда, бұл қауіпті күшейте түседі.
Мұнда тасқын бола қалған жағдайда 300-ге жуық адамды қауіпсіз жерге көшіре алады. Ол үшін білім ошақтары мен колледж жатақханасы жабдықталған.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.