Атбасарда мектепті су басты
Жабай өзені ернеуінен төгіліп, Атбасарда бірнеше үйді су басқан.
Дәл қазір өңірдегі әріптесім Абзал Азаматұлы тікелей байланысқа шығуға дайын тұр.
Атбасардағы жағдай қиындай түсті. Бүгін шамамен таңғы 5 кезінде Жабай өзені арасынан асты. Салдарынан өзен бойындағы бірнеше жер үй мен мектепті су басты.
Қазір өздеріңіз естіп тұрғандай, дабыл сиренасы ойнап жатыр. Бұл – тұрғындарға ескерту. Яғни, осы маңдағы тұрғындар толығымен эвакуацияланды.
Қазір қызыл су қала көшелеріне де тез жайылуда. Сондықтан төтенше жағдай қызметі тілсіз жауды тоқтатуға бар күштерін салып жатыр.
Сондай-ақ, түнде Атбасар маңындағы Покровка ауылына да су кірді. Максимовка ауылы мен аудан орталығындағы тас жолды да су шайып кеткенін кеше хабарлаған болатынбыз. Ол жерде әлі де көлік қозғалысы шектелген.
Абзал Азаматұлы, 24.KZ, Ақмола облысы