Жайықтың тасуы шарықтау шегінен өтті
Батыс Қазақстан облысының шығыс аудандарында Жайықтың тасуы шарықтау шегінен өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Бөрлі ауданы, Жарсуат ауылында су деңгейі 3 күн бұрын 10 метр 8 сантиметрге жетсе, бүгін 991 см дейін түсті. Оралдан 70 шақырым жердегі Январцево ауылындағы гидробекетте де су деңгейі төмендеп келеді. Ал облыс орталығында керісінше көтеріле бастады. Қауіпті меже 850 сантиметр болса, бүгін таңертең су деңгейі 862 сантиметр болған. Жайық көтеріліп, оған құятын Шаған өзені де арнасынан асып, қос өзеннің бойындағы саяжайлар түгел дерлік суға кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, саяжайдағы 13 мыңнан астам үйді су басқан. Су дамбаларды бұзып кетті. Құтқарушылар суда қалған 30 адамды аман алып шықты.
Жалпы Жайықтың жайылмасындағы бау-бақша серіктестігінде 10 мыңдай адам тұрғылықты мекендейді. Облыс әкімдігі оларды баспанамен қамту туралы ұсыныстарын Үкіметке жолдады.
Қалияр Айтмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары:
- Қазір деген жаңағы ұсыныстардың ішінде қабылданайын деп жатқаны, саяжайларда жалғыз баспанасы бар деген ұғым бар. Егер де біздің сол ұсыныстар қабылданса, жалғыз баспанасы бар, саяжайда тұратын, рәсімделген тұрғындар үйлермен қамтамасыз етіледі.