ШҚО тұрғындары кенеден кесел жұқтырды
Шығыс Қазақстанда кенеден кесел жұқтырғандар тіркелді, деп хабарлайды 24KZ.
Өскемендік тұрғыннан кене боррелиозы, ал риддерлік азаматтан кене энцефалиті анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл аурулар зертханалық түрде расталып отыр. Инфекция жұқтыруы мүмкін деген тағы 3 адам дәрігерлердің бақылауына алынды. Кене энцефалиті мен боррелиозы жеңіл дерт емес. Орталық жүйке жүйесіне кері әсерін тигізіп, аяқ-қол буындарын, қан тамырларын зақымдайды. Сондықтан жәндік шаға сала, екпе алудың маңызы зор. Оның үстіне өлкеде қансорғыштар қаптап кеткен. Осы күнге дейін 1900- ден аса адамды кене шақты. Жәндік Алтай, Тарбағатай, Қатонқарағай сынды таулы аудандар мен Риддер, Өскемен қаласы маңында көп кездеседі.
Сәуле Сләмғазина, ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м.а.:
- Кене шаққан тұрғындардың 95%-і иммуноглобулин екпесін алды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен мұндай препарат 100-ден аса адамға салынбай қалды, өйткені олар арнайы пунктке өте кеш келді.