Маңғыстау облысында үш адам суға кетті
Маңғыстау облысында жаз шықпай жатып 3 адам суға кетті, деп хабарлайды 24kz.
Оның бірі – 2 жасар сәби.
Төтенше жағдай қызметі он аумақты қауіпті деп ескерткенмен, халық қарақұрым. Құтқарушылар жүрген жағалаудың өзінде адам суға кетіп жатыр.
Талғат Исламұлы, тілші:
- 9 маусым күні Шора су каналына 21 жастағы ер адам батып кетті. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, Мұнайлы ауданы Қызылтөбе елді мекенінің 14 тұрғыны судың жағасына демалуға келген. Осы мезет құтқарушылардың олардың жанына төрт рет жақындап, ескерту берген. Ал бесінші кезек шақыртумен жетіп, ер адамның денесін судан алып шықты.
Ал екі жастағы сәбидің өлімі 6 маусым күні Қарақия ауданы Құрық ауылынан бес шақырым жерде болды. 2022 жылы туған бүлдіршіннің теңізге батқаны туралы дерек кешкілік сағат 20.30-да келіп түскен. Оқиға орнына жедел барған құтқарушылар баланың денесін судан алып шықты. Баласынан көз жазып қалған ата-ана рұқсат етілмеген жерде шомылған.
Бұл – Ақтаудағы төртінші шағын аудан жағажайы. Дала сахнасы тұрған жердің оң және сол жағалауында ескерту тақта тұр. Адам көп келетін болғасын құтқарушылар шомылу маусымы аяқталғанша осында кезекшілік атқарады. Түбі жартасты жерге сүңгудің өмірге қауіпті екенін айтып, толқынды күндері теңізге мүлдем түспеуге шақырады.
Райымбек Ерсайынұлы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аға офицері:
- Бірақ соған қарамастан осындай қаза болу фактілері болып жатыр. Атап өтсек, бізде Маңғыстау облысында 10 суға түсуге тыйым салынған жер бар. Ақтау қаласының ішінде үш жер бар. Біріншісі, 4-шағын аудандағы Таразик және Шора каналы. Және «МАЭК» су жіберу каналы.
Шомылуға тыйым салынған тағы жеті жағажай Қарақия, Мұнайлы және Түпқараған ауданында белгіленген. Соңғысында теңізге балық аулауға кеткен ер адам қайтып оралмады. Қазір барлық он учаскеде құтқарушылар қайықпен жүріп, бақылау шараларын күшейтті. Ескертуді елең қылмаған бір адамға әкімшілік айыппұл салынған.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев