Бруцеллез: Шымкенттегі Абай ауданында санитарлық шектеулер енгізілді
Шымкенттегі Абай ауданында санитарлық шектеулер енгізілді, деп хабарлайды 24kz.
Бұған жеке тұрғын үйлердегі ірі қара мен уақ малдан бруцеллез ауруының анықталуы себеп болған. Енді індеттің таралуы тоқтағанша сырттан мал әкелуге және шығаруға қатаң тыйым салынады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілдері мәлімдеді. Қазір мамандардың нұсқауымен ауру мал арнайы бекеттерге жөнелтілді. Індет белгісі тараған аумақта эпизоотияға қарсы зарарсыздандыру жоспарланып жатыр.
Ерлан Әденов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Аталған шектеу барысында осы аумақтағы барлық тіркелген ауыл шаруашылық жануарларына қайтадан диагностикалық тексерулер жүргізіледі. Егер осы диагностикалық тексерулер нәтижесінде ешқандай бруцеллезге оң нәтиже көрсетпеген жағдайда бұл шектеу іс-шаралары алып тасталады.