Қостанай облысындағы мектепте төтенше жағдай режимі жарияланды
Қостанай облысындағы Новонежин ауылында мектеп ғимаратының қабырғасы құлады, деп хабарлайды 24kz.
Салдарынан 2 сынып үйінді асында қалған. Осыған байланысты мектепте төтенше жағдай режимі жарияланды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Новонежин ауылындағы білім ошағы жарты ғасырға жуық жөндеу көрмеген. Биыл мектепті қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алыныпты. Десе де, жаңа оқу жылы қарсаңында мектептің тек бір бөлігі ғана жөнделген. Сондықтан оқушылар құрылыс барысында білім алуға мәжбүр болған.
Досбол Құсайынов, Әулиекөл ауданы білім бөлімінің басшысы:
- 1 қыркүйек ата-аналар комитетімен ақылдаса отырып, біз балаларды жөнделген сыныптарға отырғыздық. Яғни бастауыш сыныптар бірінші қабаттағы балабақшада оқыса, жоғары сынып оқушылары шеберханаларда білім алды.
Мердігер кәсіпорын мойнына алған міндетін мерзімінде орындамаған. Соның салдарынан оқыс оқиға болып отыр. Енді олар мектептің бастапқы кезден ақ апатты жағдайда болғанын айтып ақталуда.
Анатолий Громченко, мердігер ұйымның бас директоры:
- Апат болған үшінші қабатта 10-12 саниметрлік үш плита сыр берген. Біз бұл мәселені тапсырыс берушіге де жеткіздік. Бірақ кері байланыс болмады. Техникалық қадағалаушылар да көрді. Яғни мектеп бастапқы кезден-ақ апатты жағдайда болды.
Мектеп ғимаратының қабырғасы құлағаннан кейін ғана тексеру жұмыстары басталды.
Абылай Омаров, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз қазір оқыс оқиғаның неден болғанын анықтап жатырмыз. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады.
Қазір оқу орнының аумағында төтенше жағдай режимі жарияланды. Арнайы құрылған комиссия тексеру жүргізіп жатыр. Әзірге оқушылар қашықтан оқыту форматына көшті.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг