Бейнеу ауылында 19 оқушы белгісіз заттан уланды
Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында 19 оқушы белгісіз заттан ұшынды, деп хабарлайды 24kz.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кеше кешкі сағат 19:00 шамасында Жұмағали Қалдығараев атындағы мектептің бір топ оқушысы өзін жайсыз сезінген.
«Жедел жәрдем көлігімен аудандық ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Емдік шарадан соң балалар үйіне жіберілді. Оқушылардың денсаулығы қалыпты. Бүгін олар мектепке барды», - дейді басқарма басшысы Бекболат Ізбасаров. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мектеп асханасынан ауызсу және тағамдардан сынамалар алған.
Айта кетсек, бұған дейін Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында 400-ден астам оқушы уланған болатын. Бірақ сараптама қорытындысы әлі шыққан жоқ.
Бекболат Ізбасаров, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- 16 бала Бейнеу орталық ауруханасына жеткізілген болатын. Қажетті ем тағайындалғаннан кейін барлық бала үйіне қайтарылды. Қосымша тағы 3 бала медициналық көмекке жүгінген болатын. Оларда да ішінің ауырсынуы анықталды. Бүгінгі күні балалардың жағдайлары қалыпты. Барлығы да үйлерінде. Ауруханаға ешкім жатқызылған жоқ.