Жетісу облысында жылу беру маусымы басталғалы 20 үй өртенген
Жылу беру маусымы басталғалы Жетісу облысында 20 үй өртенген, деп хабарлайды 24kz.
Абырой болғанда, адамдар аман.
Қазір төтенше жағдай қызметі сақтықты күшейтті. Ауыл-елді аралап, ескерту жасап жүр. Тіпті бірқатар үйлерге дабыл құрылғысын орнатып берген.
Үш айда бір рет моржаны тазалап тұру керек.
Макаррам Ибрагимұлы Балпық би кентіндегі үйінде биыл үшінші жыл қыстайды. Баспанасы жаңа болғанымен, пешінде жарықшақ бар. Соған байланысты саладағылар ескерту жасап, дабыл құрылғысын орнатып берді.
Макаррам Ибрагимұлы, Балпық би кентінің тұрғыны:
- Көмір салғанда кешкісін жанбай қалса, ыс шығатын мынандай. Үйге қарай ұрады. Жақсы болды ананы қойғанына уайымдамайтын болдық рахмет.
Сәкен Сергулиевтің үйінің жылыту жүйесінде ақау жоқ болғанымен, өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Линолеум пештің түбіне дейін төселіп тұр. Пластмасса шелек пен қағаз қаптамадағы құрылыс заттары да от жағатын бөлмеге жиналған.
Жетісу облысында биыл 800-ден аса дабыл құрылғысын орнату жоспарланып отыр. Қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған мұндай жұмыс өңірде 2019 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Еламан Әубәкіров, облыстық ТЖД басқармасының аға инженері:
- Соңғы бес жылда Жетісу облысында 10 мыңнан астам датчик орнатылды. Осы орнату барысында улы газбен улану және өрттердің саны 25%-ке азайды. Былтыр 22:23те 191 өрт болған, ал 23:24-те 137 өрт болған.
Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері биыл 81 мыңнан астам үйді аралады. Саладағылар бір айдан соң пешінде ақауы бар баспаналарға қайта барып, қауіпсіздік талаптарының орындалуын тексеретін болады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев