Маңғыстау облысында ірі көлемде есірткі тәркіленді

Жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында Ақтау қаласында полицейлер көлікке тінту жүргізіп, оның ішінен жалпы салмағы 847 грамды құрайтын есірткі заттарын анықтаған, деп хабарлайды 24kz.

Көліктің ішінен мефедрон, героин, кокаин сақталған 10 полиэтилен пакеті табылған. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі Түркістан облысының тумасы. Жалпы Маңғыстау облысында жыл басынан бері барлығы 386 есірткі құқықбұзушылығы тіркелді. Заңсыз айналымнан 111 келі есірткі заттары тәркіленді.

Ілияс Жұмағұлов, Маңғыстау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Бұдан бөлек, 656 профилактикалық бағыттағы іс-шаралар өткізіліп, 645 граффити-жазулар өшірілді. Есірткі заттарын сату, жарнамалаумен айналысатын 506 интернет-сайт бұғатталды. Біз есірткінің заңсыз айналымына қарсы белсенді күресті жалғастырып жатырмыз.