Шымкентте мемлекеттік сатып алу саласында 59 заңбұзушылық дерегі анықталды
Шымкентте мемлекеттік сатып алу саласында 59 заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды 24kz.
Прокурорлар ішкі аудит департаментіне тексеріс жүргізіп, арыз-шағымдар бойынша қабылданған шешімдерді қарады. Белгілі болғандай, аудиторлар қадағалау жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбегендіктен, бір көзден негізсіз шарт жасалыпты. Сонымен қатар конкурстық рәсімдерде кей кәсіпкерге артықшылық берілген.
«Ал, осындай кемшіліктерді жою туралы нұсқаулар дер кезінде орындалмаған», - дейді прокурорлар. Осыған байланысты департаменттің 6 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілік тартылды.
Бекжан Құлатаев, қала прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары:
- Қолданыстағы заңнама нормаларын бұзу бойынша 59 факт, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін құқық бұзушылық белгілері бар 52 бұзушылық анықталған. Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесімен 6 лауазымды тұлға, оның ішінде Департамент басшысының орынбасары тиісті тәртіптік жауаптылыққа тартылды.