Ақтөбедегі оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбе полицейлері кешегі қылмыстық оқиғаға қатысты «тұтқынға алу» және «адам өлтіру» деректері бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды 24KZ. Кеше Ақтөбеде күдікті өзінің танысын кепілге алған болатын. Құтқару жұмыстары кезінде тұтқында болған жанның ауыр жарақат алған ата-анасы жертөледен табылды. Күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Жантүршігерлік оқиға дәл осы үйде болған. Полицейцер үш сағат бойы келіссөздер жүргізіп, кепілдегі адамды босатуды талап еткен. Алайда күдікті көнбеген соң құтқару операциясына кірісті. Толығырақ облыстық Полиция департаментінің бастығы хабарлады.

Абай Жүсіпов, облыстық ПД бастығы:

- Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды. Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы ата-анасы табылды. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Арнайы операцияның куәгерілері, Қайрат Рысқұлбеков көшесі тұрғындары түн жарымы ауғанша көз ілмеген. Кейін полицейлер үй-үйді аралап, қанды қылмыс болған үй иелері туралы анықтама жиған. 

Маржан Тәжікенова, қала тұрғыны:

- Сегіздің шамасында өзіміз әдетте серуенге шығамыз ғой. Тамағымызды тарқатуға. Үйден шықсам, мына жерде полиция толып тұр екен. Жайлап сұрадым: «Аманшылық па?», – деп. Апа: «Аманшылық», – деді. Омон ба, бірдеңелердің бәрі болды. Апа: «Ішке кіріңдер, бәрі аманшылық. Қорықпаңдар», – деді. Содан соң үйге кіріп кеттік. Түнімен біз ұйықтамадық. 12-ге дейін ұрды ғой машиналар. Біз ата мен әжені сыртынан білеміз. Танысымыз жоқ. Атын білмейміз. 

Оқиға орнына жедел жәрдемнің 4 бригадасы жетіп, осы жерде жарақат алған адамдарды аман алып қалуға тырысты. Өкінішке қарай, 67 жастағы әйел ауруханаға жетпей, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Ал 75 жастағы қария операция кезінде қайтыс болды. Күдіктінің қолында кепілде болған 41 жастағы әйел адамға шұғыл операция жасалды.

Азамат Тұрышев, облыстық көпсалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- 84 жылғы әйкел адам. Оның бас миының шайқалуы және сыртқы жарақат алған басынан, денесінен. Оның жағдайы біріншіден ауыр болды. Онан соң реанимацияға жатқызылды. Содан соң таңға дейін ем алып, қазір жағдайы орташа. Былай тұрақты.

Қазір ҚР ҚК екі бірдей бабы «Адам өлтіру» және де тұтқынға алу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Авторы: Мансұр Есқожин.