БҚО-да 21 тонна химиялық зат тиелген жүк көлігі аударылды
Батыс Қазақстан облысында 21 тонна химиялық сұйықтық тиелген жүк көлігі аударылып қалды, деп хабарлайды 24kz.
Жол-көлік оқиғасы Самара – Шымкент тас жолында Оралдан 45 шақырым қашықтықтағы Бейбітшілік ауылы маңында болған. Қытайдан Ресейге бет алған көлік тетрагидрофуран еріткішін алып бара жатқан. Алайда жүргізуші Беларусь азаматы рөлге ие бола алмай қалған. Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдай департаментінің радиациялық-химиялық қызмет бөлімшесінің мамандары мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері тиісті сынамалар алып, қауіпті заттың ауаға таралмағанын, топыраққа төгілмегенін анықтады.
Нұралы Мусиев, БҚО ТЖД басқарма бастығы:
- Қоршаған ортаға ешқандай зиян жоқтығы анықталды. Одан кейін департамент қызметкерлері аталған жүк көлігі жүргізушісіне бөшкелерді басқа жүк көлігіне тиеу бойынша, сонымен бірге жол жиегіне жығып кеткен көлікті автожолға шығару бойынша көмек көрсеткен болатын. Бүгінгі күні операция сәтті аяқталды.