Жезқазғанда мұнай базасындағы өрттен зардап шеккендер саны 6 адамға жетті

Соңғы мәліметтерге сәйкес Жезқазғанда мұнай базасында болған өрттен алты қызметкер зардап шекті, деп хабарлайды 24kz.

Олардың бесеуі түрлі жарақаттармен облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Өрт бүгін таңертең басталған. Нысан аумағында арнайы мақсаттағы үш автокөлік өртеніп, газ-ауа қоспасының жарылуынан ангар құлаған. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер отқа оранған аумақты толық өшіріп, қауіпті сейілтті. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Дидар Құйқабаев, Жезқазған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

- Ағымдағы жылдың 25 қаңтары Ұлытау облысы ТЖД-ның басқару пультіне сағат 08:55 минутта Жезқазған – Сәтбаев тасжолының Қабанбай батыр – Степная көшесінде нефтебазада жарылыс болды деген ақпарат келіп түсті. Өрттің шығу себебі мен материалдық шығын көлемі әрі кінәлі тұлғалар анықталуда.