Ғылыми қауымдастық жаңа Конституция жобасын қолдайды
Жаңа Конституция жобасында мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтары бағдарға алынды.
3-баптың 2-тармағында адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды деп көрсетілген. Қазір қазақстандық ғалымдар әр салада табысты еңбек етіп жатыр. Жоспарлары ауқымды. Сондықтан ғылыми қауымдастық өкілдері Ата заңның жаңа жобасын бірауыздан қолдайды. Ғылым ордасында өткен кездесуде Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жоғары құндылықтар қатарында білім, ғылым, инновация ұғымдарының конституциялық деңгейде бекітілуі ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі:
-Жаңа Конституция жобасы ел дамуының болашағына бағытталған айқын әрі ұзақмерзімді стратегиялық бағдарды айқындайды. Оның өзегінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация сияқты құндылықтар жатыр. Бұл мемлекеттің басты тірегі табиғи ресурстар емес, ең алдымен сапалы адами капитал екенінің нақты көрінісі.
Деректерге сүйенсек, қазір ғылымдағы жастардың үлесі 50 пайызға жуықтап қалды. Ендігі мақсат - осы көрсеткішті арттыру.
Бақтияр Сүлеев, философия ғылымдарының докторы:
- Қазіргі таңда білім беру, ғылымды дамыту инновацияны қолдау мемлекеттік саяси тұрғыдан стратегиялық тіректің бірі болып табылады. Ғылымды қолдау инновацияны жүзеге асырту еліміздің және қоғамымыздың бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіштерін жоғарылатуға мүмкіндік беретін заңымыздың бір тірегі.
Жансая Омарова, Satbayev University "Стандарттау, сертификаттау және метрология" кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы:
- Жаһандық трансформация кезінде мемлекет ғылым мен білімге тұрақты және ұзақ мерзімді қолдау көрсетуі тиіс. Еліміздің дамуы бәсекеге қабілетті болуы осы салаларға байланысты. Осыған орай бұл нормаларды бекіту маңызды қадам деп есептеймін.