Құрылтай съезінде «Әділет» партиясының жарғысы бекітілді
«Әділет» партиясы ресми саяси жолын бастады.
Бүгін бас қалада жаңа ұйымның құрылтай съезі өтті. Әр өңірден жиналған 1000-нан астам делегат партияны құру туралы шешімді қолдап, атауы мен негізгі құжаттарын бекітті. Идеологиялық негізі әділдік, отаншылдық, даму қағидаттарына бағытталған қозғаушы күштің алдағы мақсат-міндеттері айқындалды. "Әділет" партиясы президенттік реформалар бағытының сенімді жақтаушысы екенін жария етті.
«Әділет» жаңа заманның - жаңа партиясы. Жұмысын бастаған саяси ұйым алдына ауқымды мақсат-міндет қойған. Идеологиялық негізі әділдік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму қағидаттарына сүйенеді. Бағдарламасы заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтық бастамаларды қолдауға және “Әділетті Қазақстан” құруға басымдық берілген. Құрылтай съезінде әр аймақтан арнайы келген делегаттар ұйымның ресми атауын, Жарғысы мен бағдарламасын қабылдады. Басшылық құрамы мен партия төрағасын сайлады.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
- 2026 жылғы 15 наурызда Президентіміздің бастамасымен бүкілхалықтық референдумда азаматтарымыз басым көпшілік дауыспен жаңа Конституция қабылдады. Жаңа Конституция – біздің тарихи мүмкіндігіміз, оның қағидалары – болашағымыздың бағдары. Сол бағдарды нақты халқымызға пайдалы мазмұнмен толтыру – Сіз бен біздің міндетіміз. Оның өзегі мынада – Заң үстемдігін сақтау, заңды құрметтеу. Мемлекет азаматқа қызмет етуі керек, азамат өзін мемлекеттен бөлек емес, оның бір бөлігі ретінде сезінуі керек. Сонда ғана заң бәріне бірдей болады. Сонда ғана азаматтық жауапкершілік пен отаншылдықты күшейтуге болады. Жаңа Конституция – біздің тарихи мүмкіндігіміз, оның қағидалары – болашағымыздың бағдары. Сол бағдарды нақты халқымызға пайдалы мазмұнмен толтыру Сіз бен біздің міндетіміз. Оның өзегі мынада – Заң үстемдігін сақтау, заңды құрметтеу. Мемлекет азаматқа қызмет етуі керек, азамат өзін мемлекеттен бөлек емес, оның бір бөлігі ретінде сезінуі керек. Сонда ғана заң бәріне бірдей болады. Сонда ғана азаматтық жауапкершілік пен отаншылдықты күшейтуге болады.
Жиын барысында делегаттар жаңа саяси бірлестік құру туралы шешімді бірауыздан қолдады. Тиісті шешімге съезге қатысқан 931 делегат дауыс берді. Басқосуға елдің барлық өңірінен 1000-нан астам адам мен партия жақтастары жиналған. Ресми бөлім басталмас бұрын қонақтарға арнап өнерпаздардың қатысуымен шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Артынша делегаттар жаңа саяси ұйымның негізгі бағыттарын талқылауға кірісті. «Әділет» партиясы өз қызметін заң және тәртіп, Халық үніне құлақ асатын мемлекет, әділетті әрі бәсекеге қабілетті экономика, қағидаттары төңірегінде құрады. Идеологиясының негізінде Қазақстанның жарқын болашағы әр азаматтың бүгінгі күнделікті таңдауы арқылы қалыптасады деген сенім жатыр.
Ерлан Айтмұханбет, делегат:
- Жаңадан қабылданған Конституциямыздың жүзеге асуына мүмкіндік жасау және реформалардың іске асуына жұмыс істеу. Сондықтан да біз Президент саясатын қолдау мақсатында осы партияның құрылғанын естідік. Осы партияға мүше болып, мандат алып, мүмкіндігінше жаңадан болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарға өз үлесімізді қосайық деген ниетпен келіп отырмыз.
Басқосудың ресми бөлімінен соң "Әділет" саяси партиясы басқарушылар тобының мүшесі Ренат Бектұров бұқаралық ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді. Айтуынша, жаңа партияның басты миссиясы — әділетті Қазақстан құру. Жалпы жаңа саяси ұйым жарғысы 18 бөлімнен тұрады. Ал партия бағдарламасында бес негізгі құндылық айқындалған.
Ренат Бектұров, «Әділет» саяси партиясы басқарушылар тобының мүшесі:
- Біріншісі әділеттік. Екіншісі отансүйгіштік, патриоттық. Үшіншісі еңбекқорлық. Төртіншісі жауапкершілік. Бесіншісі прогресс. Осы құндылықтар тек құндылықтар ретінде қалып қоймас үшін, біздің қоғамымызда, өмірімізде, экономикамызда және барлық салада көрініс алу үшін, оларды өмірімізге енгізуіміз керек. Сондықтан да негізгі 10 приоритетті де атап өттік.
Жаңа партия құру бастамасы ресми түрде 2026 жылғы 15 сәуірде жарияланған. 30 сәуірде партия мүшелікке өтініш қабылдауға және азаматтардың ұсыныстарын жинауға арналған жеке цифрлық платформасын іске қосты. Қазіргі таңда партия құрамында 9812 мүше бар, бұл заң талаптарынан жоғары көрсеткіш.
Кәмшат Мұхамеджан, Ержан Рахманбердиев