«Түркі мемлекеттері тұтас болса, Жібек жолы қайта жанданады» – Дархан Қыдырәлі
Астана мен Түркістанда өтетін жоғары деңгейдегі кездесулер – түркі әлемінің жаңа геосаяси келбетін айқындамақ. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның мемлекеттік сапары мен алдағы саммиттің маңызы туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлімен сұхбаттасқан едік.
– Дархан Қуандықұлы, Түркия Президентінің сапары мен Түркістанда өтетін саммит әлемдік саясаттағы ірі өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл басқосудың уақыт тұрғысынан маңызы қандай?
– Бұл сапардың өтіп жатқан кезеңі тек біздің ел үшін ғана емес, бүкіл геосаяси арена үшін де өте маңызды. Мәселен, көршілес Қытайға АҚШ Президенті Дональд Трамптың арнайы сапармен келуі – әлемдік державалардың жаңа бағыт іздеп жатқанын көрсетеді. Сондықтан бүгінде төрткүл дүниенің көзі Түркістанда өтетін саммитке тігіліп отыр десек артық емес. Бейресми кездесу болғанымен, күн тәртібіндегі мәселелердің салмағы өте ауыр. Соның ішінде Мемлекет басшысы жиі көтеріп жүрген жасанды интеллект және цифрлық даму бойынша стратегиялық қадамдар жасалмақ. Жиынның Түркістанда өтуінің мәні зор, себебі бұл шаһар – бүкіл түркі әлемінің рухани темірқазығы.
– Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің арасында интеграциялық процестердің жылдамдағанын көріп отырмыз. Бұл үдерісте Түркиямен байланыстың рөлі қандай?
– Иә, Орталық Азия елдері арасындағы одақтастық деңгейі бұрын-соңды болмаған биікке көтерілді. Біз Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Тәжікстанмен одақтастық туралы заңдарды қабылдадық. Бұл жерде тек саяси ынтымақтастық емес, «Транскаспий» дәлізін үлкен транзиттік хабқа айналдыру мәселесі тұр. Сонымен қатар, біз мәдени-экономикалық байланыстан саяси интеграцияның жаңа кезеңіне өттік. Мәселен, Президентіміздің жақында Ясауи және әл-Фараби ордендерін белгілеуі – рухани тұтастықтың саяси мәртебесін айқындап берді.
– Күн тәртібінде қауіпсіздік мәселесі де тұр. Әзірбайжан мен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастықтың тәжірибесі белгілі. Қазақстанның бұл бағыттағы ұстанымы қандай болмақ?
– Қарабақ соғысынан кейін Әзірбайжан мен Түркияның әскери саладағы байланысы арта түскені рас. Ал Қазақстан өз кезегінде әскери одақтастық мәселесінде көбіне бейтараптық ұстанымын сақтай отырып, гуманитарлық, саяси-экономикалық және мәдени байланыстарды арттыруға басымдық береді. Біз аймақтық тұтастықты паш ете аламыз. Себебі біздің тамырымыз, тарихымыз, мәдениетіміз бен мүдде-мақсатымыз бір. Бірақ бір нәрсені нақты түсіну керек: бұл одақтастық мемлекетке немесе ұйымға қарсы бағытталмаған. Керісінше, Түркі мемлекеттері тұтас болса, ежелгі Жібек жолы қайта жанданады. Бұл Қытайдың Еуропаға шығуына, Ресейдің оңтүстікке бет алуына, жалпы Еуразиядағы байланыстардың нығаюына оң ықпал етеді. Түркі ынтымақтастығы – өзге интеграциялық бірлестіктерді өзара жалғайтын жасампаз көпір.
Президент Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға жасаған сапарын халықтың ерекше ықыласпен, өте жылы қабылдағанына куә болып отырмыз. Қоғамдағы бұл оң көзқарас пен бауырластық көңіл-күйді ненің нышаны деп бағалайсыз?
-Бұл бәрімізге тиімді, туыстыққа негізделген шынайы байланыс. Бір-бірін ұзақ уақыт көрмеген бауырлардың сағынысып көріскені сияқты құбылыс. Мысалы, Әзірбайжанда қиын сәттер болғанда Қазақстанға арнап әндер айтты, түрік бауырларымыз бізді «Атажұрт» деп ерекше құрметтейді. Орталық Азия елдері мен Түркия арасындағы мұндай шынайы бауырластық – біздің жарқын болашағымыздың кепілі.