Түркістанда тұтас түркі жұртының келешегі талқыланады

Түркістанда тұтас түркі жұртының тағдыры талқыланады. Ертең шаһарда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті өтеді.

Жиында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбы қаралады. 

Түркістан - күллі түркі жұрты үшін рухани астана һәм қара шаңырақ. Сондықтан тарихы тамырлас, ағайыны бауырлас елдердің бірлескен болашағын дәл осы жерде талқылаудың мәні айрықша. Шаһар мәртебелі меймандарды күтіп алуға тас-түйін дайын. Қонақтар да оймақты ой, ұстамды ұсынысымен келері анық. Сарапшылардың айтуынша, саясаткерлер алдымен экономикалық байланысты бекемдеп алуы керек. Сонда ғана ұйымның болашағы жарқын болады.

Нұрболат Нышанбай, Тұран университеті Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры:

- Қазіргі этап саяси бағытқа қарағанда әлеуметтік-экономикалық негіздерін қалыптастыруымыз керек. Себебі еуропалық одақтың өзі алғаш экономикалық байланыста кедергілерді жою арқылы үлкен ұйым ретінде қалыптаса алды.  Қазіргі геосаяси өзгерістер тарихи үлкен мүмкіндік беріп отыр. Түркістан самммитінде осындай мәселелер көтеріліп отыр.

Қазақстан түркі интеграциясының негізін қалаушы әрі басты қозғаушы күштерінің бірі. Еліміздің бұл істегі белсенділігі өз жемісін беріп жатыр. Былтыр бірлестікке мүше елдердің тауар айналымы 13 млрд долларға жуықтады. Көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Енді кедергілерді жойып, осы жұмысты тиімді жалғастырсақ ұйымның құрлықтағы алып күшке айналуға әлеуеті жетеді.

Нұрболат Нышанбай, Тұран университеті Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры:

- ТМҰ саяси салмағы болуы үшін экономикасы ортақ болу керек. Кедергілерді алып тастауы керек. Сол кезде тек қана мүше мемлекеттер емес, Еуразияда өте үлкен күшке айналады. Себебі ТМҰ географиясы шығыста Қытаймен, батыста Еуропамен шектесіп жатыр. Мұндай үлкен аймақта ортақ экономикалық жүйе болу Еуразияның экономикалық драйверіне айналуы мүмкін.

Біздің тарап сауда мен инфрақұрылымдық кедергілерді жойып, шикізаттық емес экспортты кеңейтуге мүдделі. Бұл серіктестіктен ұтарымыз көп. Мысалы, Транскаспий бағыты арқылы экспорттық әлуетті кеңейтіп, логистикадағы тәуелділіктен құтыламыз. Инвестиция тартудың да мүмкіндігі артады. Ал ертеңгі отырыстың негізгі тақырыбы «Жасанды интеллект және цифрлық даму». Тараптар Бірыңғай цифрлық кеңістік құруға мүдделі

Әйгерім Бақтиярова, саясаттанушы:

- Цифрландырудың игілігі экономикаға тиеді. Бұл консалтингтік қызметтердің экспортын арттырып, халықтың цифрлық дағдыларының дамуына оң әсер етеді. Қазақстан бұл бағытта көшбасшы бола алады. Себебі көптеген көрсеткіштер бойынша біз алда келеміз. Бізде цифрлық дағдылар бойынша тәжірибе бөлісу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар халықаралық сарапшыларды тарту, халықаралық жасанды интеллект университетін құру және тұтас бір ведомствоны ЖИ министрлігі деп қайта атауымыз — мұның бәрі әлеуетіміздің жоғары екенін көрсетеді.

Астана бұл саланы бірлестікті дамытудың басты бағыты ретінде қарастырады. Мемлекеттер басшылары технологиялық ынтымақтастыққа серпін беріп, түркі әлемінің ұзақмерзімді цифрлық келешегі мәселесін талқылауды жоспарлап отыр. Осылайша, өткеннің өркениеті болған Түркістан болашақтың да бағдарын айқындамақ.

Авторы: Бекзат Аманов