ЮНЕСКО: Маңғыстаудың жартасты мешіттері дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді

Мемлекет басшысының бастамасымен әрі тікелей қолдауымен Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді.

Бүгін Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында осындай оң шешім қабылданды. Бұл – Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға. Өйткені төл мәдени мұрамыз ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын қосылған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. "ЮНЕСКО тізімінен лайықты орын алу – біз үшін зор мақтаныш. Әрі бұл – үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи жетістік. Тарихи нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі әлем назарын кезекті рет Қазақстанға аудартып, отандық туризмге серпін әкеледі. Әрі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана". Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин телеграмдағы жазбасында осылай деді.