419,72 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді

  • 110
  • UPD: 12:26, 16.02.2021
Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді

Үкімет отырысында ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында Елбасы мен Мемлекет басшысы берген тапсырмалаларды орындау аясында атқарылатын іс-шаралар туралы баяндады. 

Ә.Смайыловтың айтуынша, тапсырмаларды сапалы әрі толыққанды іске асыру мақсатында Үкімет Nur Otan фракциясы және партияның орталық аппаратымен бірлесіп арнайы Жол картасын әзірледі. Жол картасы Сайлауалды бағдарламасының 4 бағытын іске асыру бойынша 362 тармақты қамтиды, деп хабарлады primeminister.kz.

«Жол картасының барлық нысаналы шаралары мен индикаторлары жауапты мемлекеттік органдарды бекіте отырып, жылдар, салалар және өңірлер бойынша бөлінеді», - деді премьер-министрдің бірінші орынбасары. 

Биыл ақпан айында Жол картасы Парламент Мәжілісі депутаттарының қатысуымен өткен «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысында қаралып, мақұлданды.

Партия фракциясы жыл сайын ақпан айында Жол картасын іске асыру барысы туралы Үкіметті тыңдауды жоспарлап отыр.

Осыған байланысты Ә.Смайыловтың айтуынша, Жол картасын жүзеге асыру бойынша штаб құру керек. Бұл ретте жұмыс органы ретінде Ұлттық экономика министрлігін белгілеу ұсынылады.

Штаб отырысын аптасына бір рет өткізу жоспарланған, онда Жол картасының іс-шараларын іске асыру мәселелері қаралады. Штаб жұмысы бойынша барлық ақпарат тұрақты түрде премьер-министрге баяндалады.

«Әрбір орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органда жауапты орындаушы ретінде бірінші басшының орынбасары бекітіліуі керек. Сондай-ақ Жол картасының іске асырылуын мониторингілеу және талдаумен ғана айналысатын жобалау топтары құрылуы тиіс», – деп атап өтті Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп:

  • индикаторлардың серпінді және тұрақты мониторингін қамтамасыз ету үшін Жол картасы көрсеткіштерінің цифрлық картасын әзірлеуі тиіс;
  • Штабтың қарауына шығара отырып, Жол картасының нысаналы индикаторларына тұрақты мониторингті жүзеге асыруы қажет.

«Жол картасы – партияның бағдарламасын іске асыру бойынша Үкіметтің алдағы 5 жылға арналған нақты іс-қимыл жоспары. Барлық шараны сапалы іске асыру халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Ә.Смайылов.

Хабар 24 телеарнасы