Шикізаттық емес экспорт көлемі 41 млрд долларға жетуі шарт – Қ.Тоқаев

Былтыр Қазақстанның сырт елдермен сауда айналымы 85 млрд долларға жетті.

2019 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 13 процентке кем. Шикізаттық емес тауар экспорты 15 млрд долларды құраған. Бұл да шамамен 3 процентке төмен көрсеткіш. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен шетелдік инвесторлар кеңесінде айтылды.

Президенттің айтуынша, өңдеуші кәсіпорындар экспортын 10 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Қызмет көрсету саласындағы экспортты тағы 10 млрд долларға жеткізу міндеті тұр. Ал қызмет көрсету салаларын қоса есептегенде шикізаттық емес сектордағы экспорт 2025 жылға қарай 41 млрд долларға жетуі шарт. Былтыр Қазақстан 100 шақты отандық кәсіпорынды Алибаба халықаралық электронды платформасына алып шыққан. Сол арқылы әлемдік нарыққа 4 мыңнан аса қазақстандық тауар жөнелтілді. Қазір біздің өнімдер АҚШ-қа, Қатарға кетіп жатыр. Мұздатылған етті Қытайдан бөлек Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдері нарығына бағыттадық.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміз сапалы шетелдік инвестиция тартуға барынша қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастырады. Біз өңірдегі және ТМД-дағы көшбасшылығымызды сақтап қалуға ниеттеміз. Қазақстандық локальді құн құру бойынша ішкі сұраныс пен өндіріс бөлігіндегі саясатымыз өзгеріссіз қалады. Бұған қоса мұндай іс-шаралар барынша нарықтық болуы тиіс. Олар бұрмаланбауы керек. Олай болған жағдайда жаһандық немесе өңірлік бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу мүмкін емес.