Қазақстан – Әзербайжан тиімді ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті

Әзербайжан билігі Қазақстанды стратегиялық серіктесі санайды, деп хабарлайды Хабар 24.

Жылдан жылға түрлі салада қос ел арасында өзара қарым-қатынас ауқымы кеңейіп келеді. 30 жылда Қазақстан мен Әзербайжан түрлі сала бойынша 120-дан аса құжатқа қол қойды.

Саясаттанушылардың пікірінше, бұл байланыстар халықаралық платформалардағы өзара қолдау мен энергетика саласындағы ынтымақтастыққа негізделген. Бірлесіп іске асырған жобалардың бірі ретінде «Транскаспий» бағдарын атауға болады. Тек 2020 жылдың өзінде осы дәліз арқылы 8 миллион тоннадан аса жүк тасымалданған. Соңғы 6 жылда мұнайдың транзиттік тасымалы үш жарым есе өсіп, үш жарым миллион тоннаға жетті.

Тофик Аббасов, саясаттанушы:

– Екіжақты қарым-қатынасымыздың болашағы зор деп санаймын. Ұрпақтарымыз қазір атқарылып жатқан еңбегімізге сүйенері анық. Бірлесіп қалаған мұрамызды мақтан тұтады. Бұл жаңа буынды ата-баба ісін жалғастыруға ынталандырады. Әзербайжан мен Қазақстан өзге елдерге тиімді ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті деп ойлаймын. 

Қос елдің ынтымақтастығында мәдени байланыстардың маңызы ерекше. Әзербайжан астанасында Абай атындағы Қазақстанның мәдени орталығы екіжақты қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосып келеді. Бұдан бөлек бауырлас елде түрлі ғылыми және әдеби қоғамдар жұмыс істейді.  

Эльдар Гюнайдын, «Әзербайжан-Қазақстан» достық қоғамының президенті:

– Бүгінде Әзербайжан мен Қазақстан толыққанды дербес мемлекеттер. Қоғамымыз болашаққа зор үмітпен қарайды. Екі жылға жалғасқан пандемия мен тұрақсыздықтан кейін қарым-қатынастарымыздың жаңа концепциясын әзірлеп жатырмыз. 

Жаңа концепцияға екіжақты сауданы, ұлтаралық жобаларды дамыту, Каспий теңізіндегі экологиялық мәселелерді шешу, мәдени байланысты күшейту сынды уақыт сынынан өткен бұрынғы қағидаттар енді. Қос ел кезінде түркі мемлекеттер ұйымының іргесін қалаған. Кеңес ретінде құрылған ол бүгінде түркі мәдениетін дамытып жатқан толыққанды ұйымға айналды. 

Авторлары: Камилла Джабарова, Айгюн Гасан