Назарбаев тоқсаныншы жылдары аумақтағы тұрақтылықтың дәнекері болды – Дарья Чижова

Биыл Елбасы мен Ресей президенті маусымның соңында Мәскеуде кездескен болатын. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің ынтымақтастығын мемлекетаралық қатынастың жарқын үлгісі деп бағалады. Өткен 11 айдың ішінде өзара алыс-беріс 19,5 млрд доллар болды. Осылайша қос ел биылғы жылды әу баста жоспарлағандай 20 млрд долларлық межемен қорытындыламақ.

Бұл дегеніміз айтарлықтай өсім бар деген сөз. Пандемия аяққа тұсау болды, соның кесірінен біраз көрсеткіш кеміген. Енді міне бұған дейін кеткен есемізді биыл қайтарып алдық. Саммит басталмас бұрын Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин жеке кездесті. Санкт-Петербургтегі Константиновский сарайында Ресей Президенті Елбасын ерекше ықыласпен қарсы алды. Бірлік бекем болса, тірлік көркем болады. Аймақтағы ықпалдастықтың өзегі осы. Еуразия кеңістігіндегі интеграция туралы сөз қозғалса, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі аталмайтын кез кемде кем. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап бірге болуға үндеді, ал бұл бастамалар өз кезегінде тұтас өңірдің өміріне ықпал етті. Барыс-келісті көбейткен, алыс-берісті арттырған Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамаларын Ресейдің басшысы жиі айтады. Бұл жолы да Елбасының қайраткерлік қырын әңгімеге арқау етті.

Владимир Путин,  Ресей Федерациясының Президенті:

– Сізді Ресейде, Петербургте көргенімізге қуаныштымыз. Келгеніңіз үшін рахмет. Мұны сіз де жақсы білесіз, Еуразиялық экономикалық одақтың мәселелері бойынша әріптестерімізбен кездесе қалсақ, ылғи интеграция идеясы Сізге тиесілі екенін еске аламыз. Осы одақты құруға бастамашы болғаныңыз үшін және бірлестік аяқтан тұрып кеткенінше ұзақ уақыт бойы қолдау көрсеткеніңіз үшін алғысымыз шексіз.

Дипломатиялық қарым-қатынас басталғалы бері Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс бәсеңдеген емес. Стратегиялық серіктес әрі одақтас мемлекеттер интеграция ісінде тізе қосып, бірнеше жобаны жүзеге асырды. Коронавирус пандемиясына да қарсы бірлесіп күресіп жатыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында қалыптасқан сындарлы серіктестік жалғасып келеді.

Владимир Путин,  Ресей Федерациясының Президенті:

– Қазір пандемияға байланысты бүкіл әлемде өндіріс көлемі кеміп жатқан тұста кезінде Сізбен бірге әзірлеген механизмдердің бәрі тиімді жұмыс істеп келеді. Қазақстан мен Ресей 2020 жылдың өзінде – нағыз пандемияның қиын уақытында күрделі экономикалық құлдырауға жол бермеді. Былтыр көрсеткіштер небәрі 4 процентке кемісе, ал биылғы жылдың 9 айындағы өсім 30 проценттен асты. Бұл - Қазақстанның қазіргі басшылығымен және Үкіметімен бірге атқарған жұмысымыздың жемісі. Сізге интеграцияға жетелеген идеяңыз бен оны жүзеге асырғаныңыз үшін тағы бір мәрте рахмет айтқым келеді.

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қарайтын болсақ, әсіресе Ресеймен инвестициялық байланыс мығым. Өткен 15 жылдың ішінде көрші елден тартылған тікелей инвестиция 16 млрд доллардан асты. Қазақстан да 4,5 млрд долларға жуық қаржыны Ресей экономикасына құйыпты.

Станислав Притчин, РҒА Әлемдік экономика институты орталығының аға ғылыми қызметкері:

– Қазақстанмен шекараның бойында Ресей Федерациясының 12 субъектісі орналасқан. Бұл аймақтарда біздің ішкі жалпы өнімнің 20 процентке жуығы шоғырланғанын ерекше атап өткім келеді. Өндірісті өңірлер Қазақстанмен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Пандемия салдарынан аймақаралық сауда-саттық бәсеңдеп қалғанын білеміз, ендігі міндет - осы бағыттағы жұмысты күшейту болмақ.

ТМД-ға мүше елдер көшбасшыларының бейресми кездесуіне Ресей Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты арнайы шақырды. Мерейтойлық жиынның белортасында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің болуы орынды.

Дмитрий Журавлев, аймақтық мәселелер институтының ғылыми жетекшісі:

– Тәуелсіз мемлекеттер достастығын нығайту ісінде Назарбаевтың рөлі орасан. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – қазіргі замандағы ең ықпалды және сыйлы саясаткерлердің бірі. Оны Қытай мен Англияда қалай құрметтесе, АҚШ пен Түркияда дәл солай құрмет тұтады. Христиан елдері де, мұсылман мемлекеттері де бірдей қадірлейді. Бәрінің көңілінен шығатын ұсыныс айта білетін, айтқанын мойындата алатын саясаткердің беделі ТМД-дағы біраз мәселелерді шешуге септеседі, ұйымды алға жетелейді.

Өткен тарихқа сәл шегініс...1991 жылдың 21 желтоқсанында бүкіл әлемнің назары Қазақстанға ауды. Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина сияқты жаңа тәуелсіз 11 республиканың басшылары Алматыға жиналды.

Осынау елең-алаң шақта Алматыда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ТМД-ның қағидаттары мен мақсаттарын бекіткен Декларацияға қол қойылды. «Алматы шешімі Одақтың бей-берекет ыдырауын тоқтатып, саяси-өркениеттік бөлінуге жол бермеді, тәуелсіз жаңа мемлекеттердің әрекеттерін үйлестіруді қамтамасыз етті – өйткені олардың арасындағы келіспеушілік қиын зардаптарға әкеліп соғуы мүмкін еді». Кейін Елбасы бір естеліктерінде сол сәтті осылай еске алады.

Дарья Чижова, саясаттанушы:

– Тәуелсіз мемлекеттер достастығы туралы әңгіме қозғасақ, «еуразиялық интеграция» бастамасын көтерген, республикалар арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалуға өз үлесін қосқан Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін айтпай кетуге болмайды. Тоқсаныншы жылдары тұтас кеңістік тоқырап, бұрынғы байланыс сетінеп, ұлтаралық кикілжіңдер өрши бастаған тұста Назарбаев аумақтағы тұрақтылықтың дәнекері болды.

Станислав Притчин, РҒА Әлемдік экономика институты орталығының аға ғылыми қызметкері:

– 1991 жылы Одақ тараған уақытта республикалардың экономикалық даму деңгейі бірдей болды. Сол кезден бастап тәуелсіздігін алған әр мемлекет алдағы бағыт-бағдарын өздері айқындады. Қазақстан ең әуелі географиялық орналасуы мен табиғи ресурстарын тиімді қолдана білді. Инвестиция тартты, экономикалық жүйені жаңалады. Ал мұның бәрі түптеп келгенде экономикалық өсімге жетеледі. Мұнай мен газ өндірісінде де, уран бойынша да Қазақстан маңдайалды ел. Бірнеше кластерді қатар дамытқан мемлекет экономикалық көрсеткіштер тұрғысынан қарайтын болсақ, аймақта алдыңғы қатарға шықты.

Отыз жылда өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, аймақтағы ірі бірлестікке айналған, халықаралық аренада орны бар Тәуелсіз мемлекеттер достастығының іргесін нығайтуға келгенде Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Алматы декларациясы негізін қалаған ТМД – саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды сақтап қана қойған жоқ, бұл бірлестіктің қалыптасу тәжірибесі Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы секілді интеграциялық ұйымдардың нығаюына септігін тигізді. Осыдан 30 жыл бұрын қазақ жерінде құрылған іргелі ұйым дамудың ендігі кезеңіне ілгері қадам басты.

Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев және Айдос Ентебеков

Сондай-ақ...