Путин мәлімдеме жасады
Ресейде 24 наурыз ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Бұл туралы президент Владимир Путин мәлімдеді. Құрбандар саны бойынша Крокус Сити Холдағы теракт Мәскеуде соңғы 10 жылда болған ең ірі лаңкестік әрекет болып отыр.
22 наурыз күні кешке Мәскеу мен Мәскеу облысындағы ең үлкен концерттік залдардың бірі Крокус Сити Холда бір топ қарулы адам автоматтан оқ жаудырып, кейін адам толы залға өрт қойған. Ғимарат толығымен жанып кетті.
Алдын ала мәлімет бойынша 133 адам, оның ішінде үш бала қаза тауып, 140-тан астамы жарақат алған.
- Лаңкестер қасымдағы қызды атып тастады. Мен өліп қалған адам сияқты кейіп танытып, тапжылмай жаттым. Бір кезде өрт шығып, лаңкестер есікті жабуға тырысты. Бірақ құлыпты жаба алмады. Мен шамалы уақыттан кейін сыртқа шығу үшін жылжи бастадым.
Ресей Тергеу комитеті қаза тапқандардың саны әлі де артуы мүмкін деп отыр. Ресей президенті терактіге қатысты мәлімдеме жасап, 4 күдікті ұсталғанын айтты. Бұл іс бойынша жалпы 11 адам қамауға алынған.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Мәскеу мен Мәскеу облысында және еліміздің барлық аймақтарында лаңкестік пен диверсияға қарсы қосымша шаралар қолға алынып жатыр. Бастысы – осы қантөгістің артында тұрғандардың жаңа қылмыс жасауына жол бермеу.
Дана Нұржан, тілші:
- Мәскеуде халық қан тапсыру пунктерінде кезекте тұр. Сондай-ақ шаһарда «Крокустегі» теракт құрбандарын еске алуға арналған бұрыштар ашылып, адамдар гүл шоқтарын әкеп жатыр. Өзге елдерде Ресей елшіліктеріне де келіп, көңіл айтып жатқан адамдардың қарасы қалың. Ал қираған ғимаратта құтқарушылар үйінділер астынан тірі қалғандар табыла ма деп әлі де іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Себебі дәл қазіргі жағдайда күдіктен үміт басым.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.