Зеленский ресейліктерге президент емес, Украина азаматы ретінде үндеу жасады

Осы тұста Владимир Зеленский де ел халқына үндеу жасап, Украинаның бүкіл аумағында әскери жағдай жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украина басшысы тұрғындарды үрейге бой алдырмай, сабыр сақтауға шақырды. «Біз де, әскер де жұмыс істеп жатыр. Жиі үндеу жолдап тұрамын. Біз мықтымыз, жеңіске жетеміз, себебі біз – Украинамыз» деп жігерлендірді. Естеріңізде болса, Зеленский осының алдында ғана елде төтенше жағдай енгізген еді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Мен Ресей Федерациясының президентімен телефон арқылы сөйлесу бастамасын көтердім. Бірақ ол үнсіз қалды. Бүгін Донбасста үнсіздік орнауы мүмкін. Сондықтан Ресей халқына президент емес, Украина азаматы ретінде үндеу жасағым келеді. Бізді 2 мыңнан астам шақырым ортақ шекара бөліп тұр. Ол жерде қазір сіздердің 200 мыңдай сарбаз бен мыңдаған әскери техника тұр. Сіздердің басшыларыңыз басқа елдің жеріне басып кіруді құптап отыр. Еуропа құрлығындағы үлкен соғыстың бастамасы болу қаупі төніп тұр. Бұл қырғынды кім тоқтата алады? Әрине, халық!