Сарапшы: Конституциялық соттың шешімі салмақты

Референдум көздейтін өзекті мәселенің тағы бірі – билікті халықпен бөлісу, деп хабарлайды «Хабар 24».

Референдум жайлы сөз қозғамас бұрын оның не екенін, әр үйге қандай өзгеріс әкелетінін ұғынған жөн, – дейді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов. Оның пайымынша, референдум бұл – мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. 1995 жылғы референдумның негізгі мәні суперпрезиденттікті нақтылау, яғни, президентке көп өкілеттілік беру болса, 2022 жылғы референдум керісінше, Мемлекет басшысының өкілеттігін шектеуді көздейтінін атап өтті. «Бұл – тұрғындардың сайлау құқығының кеңеюі, белсенді азаматтардың саяси партия құруға мүмкіндігі, жерге иелік ету секілді маңызды тармақтарда көрсетілген», – деді саясаттанушы. Елімізде сот жүйесіне қатысты әділдік мәселесі өткір екенін айта келе, заңдық құқығы тапталған кез-келген қарапайым азамат конституциялық сотқа жүгіне алатынын айтты

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

98-баптағы азаматтардың бекітілген құқықтары бұзылған жағдайда, ол конституциялық сотқа келіп, өзіне қорғау таба алады. Конституциялық соттың шешімі кез келген соттың шешімінен жоғары. Азамат сайлау туралы заңда, партия туралы заңда, кез келген нормативтік заңнамада менің құқығым бұзылды деп келеді. Конституциялық сот егер осы шешімді шын мәнінде бұзылды десе, онда ол нормалар алып тастауға дейін барады.

Нұрбек Саясат, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әр Қазақстанның азаматы мұқият конституцияға енгізілген ұсыныстарды қарап шығып, өзінің жергілікті жағдайына, өзінің бір құқықбұзушылығына, азаматтық құқықтарының толыққанды қорғалуына конституциялық өзгерістерді өзіне тікелей байланысын табады. Оған мен нақты сенімдімін. Сол мүмкіндікті пайдалануымыз керек бәріміз.