Елорда жастары референдумға дайын

Елорда жастары референдумға дайын және оның өткізілуін қолдайды. Белсенді өрендер шараға әзірлікті талқылап, ойларын жеткізді. Олар референдумның маңыздылығы туралы ақпаратты жастарға дұрыс жеткізу қажет дейді. Кездесуде жалпы республикалық референдум өткізудің тәртібі мен міндеттері, конституциялық реформаның бағыттары сөз болды.

Елімізде саяси сауатты жастардың қатары артып келеді. Елорда әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысына қатысушылар осылай дейді. Келелі кездесуге келгендер жалпы республикалық референдумды өткізудің маңыздылығы мен оған әзірлік барысын талқыға салды. Жастар қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі қажет, дейді қатысушылар.

Олжас Сүлейменов, QAZAQSTAN TEAM республикалық жастар бірлестігінің жетекшісі:

- Дауыс беретін адамдардың негізгі аудиториясы жастар болғандықтан оған ерекше назар аударамыз. Өзім жастар өкілі ретінде осы референдумның маңыздылығын түсінемін. Оның үстіне жаңа Қазақстанда осының бәрін іске асыратын жастар қажет. Сол сияқты ашық талқылау, пікірталас өтті. Қызықты сұрақтар болды, өзім үшін қызықты ақпарат алдым.

Жастар маңызды шараның жауапкершілігін сезіне отырып, әлеуметтік зерделілік танытуға тиіс екенін жеткізді. Себебі референдумның күллі ел үшін маңызы зор. Сондықтан жастар референдум кезінде белсенділік көрсетеді деген сенім мол.

Олжас Сүлейменов, QAZAQSTAN TEAM республикалық жастар бірлестігінің жетекшісі:

- Өзім жақсы ақпарат бере алдым деп үміттенемін. Біздің жастар белсенді қатысады деп сенемін. Өйткені олар қазірдің өзінде саяси пісіп жетілген. Референдумның маңыздылығын жақсы түсінеді.

Кездесу барысында республикалық референдум өткізудің маңыздылығымен қатар бас шаһарда мемлекеттік жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстар талқыланды. Елордалық жастарды жұмыспен қамту мәселесі де назарға алынды.

Айнұр Қуатқызы