Ерлан Қошанов Қарағанды облысының жұртымен кездесті

«Елде ашық саясаттың жаңа кезеңі басталады. Енді барлық саяси күш сайлаушылардың нақты сұранысына басымдық береді».

Мұны Парламент Мәжілісінің Төрағасы айтты. Ерлан Қошанов Қарағандыда «Amanat» партиясының облыстық филиалы ғимаратында өңір жұртшылығымен жүздесті. Референдум жайлы айтып, ел тағдырын шешетін ауқымды өзгерістерге тоқталды.

Қазір жаһан жұрты күрделі кезеңді өткеріп жатыр. Бізге де бір орында тұруға болмайды. Әйтпесе көштен қаламыз. Сондықтан елде ауқымды өзгерістер басталды. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Президент реформалары сын-қатерлерге берілген нақты жауап.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Жұртшылық Мемлекет басшысының бастамаларын жақсы қабылдап, қолдап жатыр. Ел болашағын айқындайтын осындай ауқымды реформалардың тағдырын халықтың өзі шешуі керек.  Осы оймен Мемлекет басшысы референдум жариялады.

Ерлан Қошанов жасанды монополияларды түбегейлі жойып, азаматтарға тең мүмкіндік беру үшін мемлекет тарапынан үлкен шаруа атқарылып жатқанын да атап өтті. «Елде ашық саясаттың жаңа кезеңі басталайын деп тұрғанын, халық сайлау жүйесіне сенуі керек екенін айтты. Сосын Президент Жарлығымен Ұлытау облысының қайта құрылғанына тоқталды.

«Қазіргі Қарағанды – алып аймақ. Бір орталықтан мұндай өңірді басқарудың тиімсіз тұстары бар. Шалғай елді мекендерден облыс орталығына жету қолайсыздық тудырады. Сондықтан бұл халық үніне құлақ асқан әділ әрі тиімді шешім деп есептеймін. Дегенмен, Қарағанды облысы еліміздегі ең ірі аймақтың бірі болып қала береді», – деді Ерлан Қошанов.

Жергілікті жұрт та Мемлекет басшысының бұл шешімін айрықша қабылдағанын жеткізді.

Майра Әбдірахманова, Қарағанды облысы бойынша қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Кездесуден кейін «Amanat» партиясының төрағасы жеке қабылдау өткізіп, облыс тұрғындарының өтініш-тілегін тыңдады. Палата Спикері Теміртау қаласының жұртшылығымен де кездесті. 20 мың адамға арналған емханаға барды. Медициналық мекеме жаңадан ашылған. Кейін спорт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Кездесу барысында қаланың белсенді азаматтары да сөз алып, «Қазақстанның көпұлтты қоғамы бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, барша қиындықты еңсеретінін атап өтті.

Олег Гусев, Теміртау қаласының белсендісі:

- Ең бастысы, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау. Президентіміз өте жауапты және тез шешім қабылдайды. Біз оған бірнеше рет куә болдық. Біз оның ішкі саяси тұрақтылық пен ел бірлігін сақтауға бағытталған саясатын қолдаймыз.

Палата Спикері реформалар әділетті қоғам құруға бағытталғанын атап өтті. Сөз соңында Ерлан Қошанов облыс жұртшылығын республикалық референдумға белсенді қатысып, тарихи таңдау жасауға шақырды.

Қорған Қонысбайұлы