Павлодарда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Ертіс өңірі де саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды. Солақай саясаттың кесірінен істі болып, аяусыз атылып кеткендерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Павлодар облысында соңғы екі жылда тоталитарлық жүйенің құрбандарын ақтауға байланысты ауқымды жұмыс жүргізілді. Зерттеу барысында әлі күнге дейін ақталмай келген үш мыңға тарта адам туралы тарихи тың деректер табылды. Сонымен қатар аса құпия саналған мұрағаттармен танысуға мүмкіндік туып отыр. Мәселен, мамандар 1933 жылы көз жұмған 300-ге жуық адам туралы мәлімет тапқан. Мұрағат қызметкерлері бұрын құпия сақталған құжаттардың желісімен бірнеше жинақты жарыққа шығарды. Сонымен қатар репрессияға ұшыраған 2 мыңнан аса азаматтың жеке ісі зерттеліп жатыр. 

Айнұр  Раисова, саяси қуғын - сүргін құрбандарын ақтауға байланысты комиссияның  хатшысы:

- Бүгінгі таңда облыс аумағында 52 нысан бар. Олар комиссия құрамы мен зерттеушілердің жіті бақылауында. Бәрінің айналасы қоршалды. Жұмыс тобы жергілікті атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Ақмарал Сағымбекова, ардагер журналист:

- Жиырмасыншы–отызыншы жылдары біздің қазақ халқының басына ауыр қайғы төнді. Өйткені сүт бетіне шыққан қаймақтарымыз, білімді адамдарымыздың бәрі репрессияға ұшырап, құрбандық болып кете барды. Осы бір тарихтың таңбалаған көңілсіз оқиғаларын біздің міне кішкентай баламызға дейін, немеремізге дейін әлі осыны ұғып, біліп жатыр. Қазір міне өмірімізде, Қазақстанда саяси оқиғалар болып жатыр. Саяси науқан басталып, жүріп жатыр. Осыған қарамастан міне биыл да осы саяси қуғын-сүргіндерді еске алу күнін атап өтіп жатырмыз. Бұл біздің қазақ халқының тарихты ешқашан ұмытпайтының белгісі.