Бейжіңде Қазақстан елшілігі онлайн форматта жиын өткізді

Оған Қытайдың жетекші сараптамалық мекемелерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті сарапшылар жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстандағы саяси және әлеуметтік тұрақтылыққа серпін тигізетініне сенім білдірді. Конституциялық реформалардың саяси салаға бағытталғанын атап өтті. Соынмен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен Парламент рөлінің күшеюіндегі оң өзгерістер ерекше бағаланды. Бұл ретте сарапшылар Ауғанстаннан әскерді шығаруға байланысты аймақтағы күрделі жағдайға, сондай-ақ Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысқа назар аударды. Спикерлердің айтуынша, Қытай Қазақстанның өзіндік даму жолын қолдайды және біздің еліміз тұрақты және гүлденген серіктес болып қала беретініне үміт артады.

Ли Юнцюань, ҚХР мемлекеттік кеңесінің еуропа мен азияның әлеуметтік даму институтының директоры:

– Реформа – кез келген серпінді қоғамның дамуындағы жүйелі процесс. Көптеген жылдар бұрын Қытай мен Кеңес Одағының реформаларының айырмашылығын салыстыра отырып, сарапшылар ҚХР-дағы реформалар экономикадан басталғанын айтқан. Шын мәнінде, Қытай реформасы саясаттан: «Төрттік банданың» талқандалуы, идеологиядан босану және мамандар саясатындағы түзетулерден бастау алды. Саяси жүйені реформалаудың тереңдігі мен көлемі экономикалық дамудың қажеттіліктеріне байланысты. Қазақстанда конституциялық реформадан кейін әлеуметтік-экономикалық дамуды қолдау бойынша шаралар қабылданатынына сенімдімін. Бұл реформалар дамуға және өңірлік ынтымақтастыққа пайда әкеледі деген ойдамыз.

Ли Цзыго, Қытай халықаралық мәселелер академиясы еуразия институтының директоры:

Президенттің жақын туыстарының жоғары мемлекеттік қызметтерді атқара алмайтындығы – маңызды түзетулердің бірі. Бұл өзгеріс халықтың қолдауына ие болып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. Бұл түзету жаңа саяси жүйенің аз ғана бөлігін қамтығанымен, халыққа жақын. Екіншіден, менің ойымша, суперпрезиденттік басқару жүйесінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу – маңызды қадам.