Қ. Тоқаев: АЭС салатын орын дайын

Еліміз көмірге тәуелді. Энергияның шамамен 70 проценті осы қатты отыннан алынады. Енді жылу жүйелерін газға ауыстыру өзекті. Ал, оған көгілдір отын аз болып тұр,  деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан Теңіз кен орны экспортқа жіберетін 2 млрд текше метр газын ішкі нарыққа бағыттауға тиіс. Бұл мәселені Үкімет кен орнының акционерлерімен бірге пысықтауы керек. Жиын барысында Президент осыны тапсырды.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-отырысы. Жиынға ірі трансұлттық компаниялардың, мемлекеттік органдардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Төрағалық еткен Қасым-Жомарт Тоқаев. Қаралған мәселе аса маңызды. «Экономиканы көміртегінен арылту».

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Парниктік газ қалдықтарының 80 проценті қазба отындарын пайдалану арқылы энергия өндірумен байланысты және мұның еліміздің климатына кері әсер ететін негізгі фактор екенін атап өту керек. Сондықтан энергетика саласын жаңғыртудың айтарлықтай маңызы бар.

Еуропа одағы 2030 жылға қарай парниктік газ қалдықтарын 55 процентке азайтуға және 2050 жылға қарай көміртегінен бейтарап болуға ниетті. Осы орайда күрделі мәселе туындайды. 2026 жылдан бастап біздің экспорттаушылар Еуропа одағының бюджетіне шекаралық көміртегі салығын төлеуге міндеттеледі. Бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді. Енді қалдықтарды саудалауға қатысты ұлттық жүйені еуропалық жүйеге сәйкестендіру керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Парниктік газ қалдықтарының үлестік коэффициенттерінің есептеу әдістемесін күшейту бағытында қайта қарауды жеделдету қажет. Есептеу тәсілі еуропалық әдіске сәйкес, яғни саладағы ең озық 10 өндіріс негізінде жасалуға тиіс. Осы ретте өндірістің негізгі ғана емес, қосалқы түрлерін де ескеру керек. Сондай-ақ Еуропа одағының қалдықтарды сату жүйесі сияқты экономика секторларын кеңінен қамту қажет. Кеңес мүшелері іс жүзінде көмек көрсетуге тиіс. Бұл жұмысты келесі жылы аяқтау қажет.

Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегінен бейтарап ел болуға ұмтылып жатыр. Бұл мүмкін бе? Ұлттық экономика министрі барлық сын-қатерді ескеріп, бұл міндетті орындаймыз деді. Сондықтан ауқымды экономикалық, технологиялық және әлеуметтік жаңғыру бойынша тиісті стратегиялық жоба әзірленіп жатыр. Құжат жыл соңына дейін қабылданады.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Барлық тәуекелдерді біз оны есепке аламыз. Осы жұмыс барысында. Көмір саласында 30 мың адам жұүмыс істейді дедіңіз. Ол не болады? Ол деген осылай постепенно аударыламыз бүкіл саланы. Мүмкін көмір саласы ол өзі жұмыс істейді. Бірақ, кішкене басқа түрінде.

Елді көмірден арылтып, газға көшіру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкі де қолғабыс етпек. Осы алқалы жиынға арнайы келген қаржылық ұйымның президенті біздің елде бастайтын ерекше жобаларын айтты.

Одиль Рено-Бассо, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті:

- Алматыда жылумен қамту жүйесін жаңғырту бойынша өте маңызды жобамыз бар. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қаладағы жылу орталығын көмірден газға көшіруді көздейміз. Жыл соңына дейін бұл жобаға қол қойылады деп сенеміз. Егер жылу орталығы газға көшірілсе Алматының ластануы 30 процентке дейін азаяды. 

Экономиканың экспортқа бағытталған секторларына арналған квоталар кезең-кезеңімен ақылы түрде бөлінеді. Мемлекет басшысы «квота саудасының отандық жүйесі парниктік газ қалдықтарын өлшеу және тексеру бойынша сенімді деректерге негізделуі керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алайда іс жүзінде, біз мүлде олай емес екенін көріп отырмыз. Парниктік газ қалдықтарын тексеру және анықтау жөніндегі органдар берілген есептерді қашықтан куәландырып, қондырғылар орнатылған операторлық учаскелерге бармайды. Осылайша, елдің әртүрлі аймағында олар бір уақытта жиырмаға жуық есепті тексере алады. Мұндай есептердің дұрыстығы күмән тудырады. Сондықтан Үкіметке парниктік газ қалдықтарын тексеру және анықтау жөніндегі органдардың жауапкершілігі мен құзыретін күшейту жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырамын.

Елде жаңадан Экологиялық кодекс қабылданған еді. Енді ірі өнеркәсіп орындары 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалдықтарға мониторинг жасайтын автоматтандырылған жүйені орнатуға міндетті. Үкімет талаптың уақытылы және сапалы орындалуын қалағалауға тиіс. Тағы бір міндет – елді көгалдандыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің тапсырмаммен 2025 жылға дейін еліміз бойынша екі миллиард ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Өткен жылы 138 миллион, ал биыл 280 миллион ағаш егілді. Алайда бұл қарқын жеткіліксіз, оны жылдамдату қажет. Кеңес мүшелерін аталған бастаманы қолдап, осы іске елеулі үлес қосуға шақырамын.

Көміртегінен арыламыз десек жаңартылатын және баламалы энергияға басымдық бермек керек. 2030 жылға қарай еліміздің энергиясындағы жаңартылатын қуат көзін кемінде 15 процентке арттыру қажет. Жиында Президент атом энергиясына да тоқталды. Жаңартылатын энергия тұрақсыз, ал, газ шектеулі болған жағдайда «залалсыз» атом үздіксіз энергия берудің жалғыз көзі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміз табиғи уран өндіруде әлемде бірінші орында тұр. Ядролық отын компоненттерінің өзіндік өндірісі және уранды байыту үшін мүмкіндігі бар. Қазіргі сәтте АЭС орналасатын орынды айқындадық және әлеуетті жеткізушілердің технологиясын зерделеп жатырмыз.

Былтыр шетелдік серіктестер біздің экономикамызға шамамен 24 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл 2020-шы жылмен салыстырғанда 38 процентке көп. Шетелдік инвестицияның 60 проценттен астамы қазірдің өзінде экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Демек қызығушылық жоғары. Президент «біз бұл инвестицияларды жоғары бағалаймыз және шетелдік серіктестер алдындағы барлық міндеттемемізді мінсіз орындаймыз» деді. Қазақстан инвесторлар үшін ашық есік саясатын күшейте түседі.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров